Қуаныш пен мақтаныштың көз жасы сөзден артық болғанда

Қуаныш пен мақтаныштың көз жасы сөзден артық болғанда

Қуаныш пен мақтаныштың көз жасы сөзден артық болғанда

Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық-драма театрының қабырғасында ерекше оқиға – толғаныс пен салтанатқа толы іс-шара өтті. Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімі ұйымдастырылды. Бұл – адамдарға қызмет етуді таңдаған жас мамандардың ұзақ жолының нәтижесі.

Осы күні мыңнан астам түлек – болашақ дәрігерлер, фармацевтер, тіс дәрігерлері, мейіргер ісі мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары өз армандарының орындалуын бейнелейтін дипломдарын алды. Әрбір диплом – ұйқысыз түндер, тапсырылған емтихандар, жүздеген сағаттық практика, күмән мен сенім, қателік пен жеңістің символы. Бұл күн – ұзақ жолдың шарықтау шегі әрі жаңа өмірлік кезеңнің бастамасы болды.

Салтанатты кеш шынайы сезімдерге толы атмосферада өтті: ата-аналар мен оқытушылардың көзіндегі мақтаныш, түлектердің жүрегіндегі толқу, қуаныш жасы – бәрі ерекше әсер сыйлады. Университет ректоры бастаған басшылық құрамы, профессорлар, кафедра меңгерушілері мен құрметті қонақтар жас мамандарды құттықтауға келді.

Университет ректоры Анар Турмұхамбетова өзінің құттықтау сөзінде түлектердің таңдаған мамандытың терең біліммен қатар күш-жігер мен адалдықты қажет ететінін атап өтіп, медицина – бұл тек еңбек емес, бұл тағдыр деп айтты. Сондай-ақ, ректор ата-аналарға шынайы алғысын білдіріп, олардың қолдауы бүгінгі күннің іске асуына сеп болғанын айтты.

Ең үздіктер – оқу озаттары, белсенділер, университет беделін республикалық және халықаралық деңгейде таныта білген студенттер алғашқы болып дипломдарын ректордың қолынан алды.

Құттықтау сөздер университет проректорлары – Асем Досанова, Абылай Шакенов, Зарина Шульгау және Аян Мысаев жалғастырды. Олардың әрбір сөзі – жас мамандардың кәсібилігіне, мақсаткерлігіне және болашақ жетістіктеріне сенімнің белгісі болды.

Салтанатқа еліміздің медицина саласының беделді өкілдерінің қатысуы түлектер үшін үлкен мәртебе болды. Олардың қатарында – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова, Астана қаласының бас тіс дәрігері Эльмира Исентаева, №6 қалалық емхананың директоры Динара Байсеркина, ҚР Қорғаныс министрлігінің жақ-бет хирургі Бауыржан Қожақов және басқалар болды. Қонақтардың шынайы құттықтаулары жүрекке жетер жылы лебіздерге толы болды.

Целиноград медициналық университетінің түлегі, бүгінде елімізге танымал мамандардың бірі – балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі Марина Моренконың сөздері көпшіліктің көңіліне терең әсер қалдырды. Ол дәрігерлік мамандықты таңдауы – өміріндегі ең дұрыс шешім болғанын атап өтті.

– «Мен бір күн де бұл мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Қай елде болсам да, мен әрқашан университетіміздің ұстаздары мен студенттерімен мақтанамын. Сіздер де өз таңдаған мамандықтарыңызды жүректеріңізбен сүйсеңіздер екен», – деп тебірене сөйледі ол.

Салтанатты рәсімді алты мектептің декандары жалғастырды: стоматология мектебінен Виолетта Деточкина, қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент мектебінен Айгерім Баймағамбетова, мейіргер ісі мектебінен Зауре Байғожина, фармация мектебінен Азиза Омари, медицина мектебінен Айнұр Сариева және педиатрия мектебінен Айтбек Қарибжанов. Бұл кісілер – өз тәжірибесін аянбай бөлісіп, болашақ мамандардың әлеуетіне сенім білдіріп, үнемі қолдау көрсетіп келген ұстаздар қауымы. Олар – түлектер үшін мамандыққа бастар жолдағы шынайы бағыт-бағдар мен педагогикалық адалдықтың нышанына айналды.

Церемонияның шарықтау сәті – қуаныш жасы, туған-туыстармен құшақтасу, өмір бойы есте қалатын фотосуреттер және ең бастысы – дәрігер антын қабылдау болды. Бұл ант дәрігер мамандығының айрықша мәртебесін бекітіп, бұл күнді қасиетті естелікке айналдырды.

Іс-шара Астана медицина университетінің 60 жылдығына арналған Әнұранының орындалуымен аяқталды – бұл әуен университет тарихының, ұрпақтар сабақтастығының және жарқын болашақтың белгісіне айналды.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика