Астана медицина университетінің Директорлар кеңесінің шешімімен Басқарма мүшесі – академиялық жұмыс жөніндегі проректор лауазымына Досанова Асем Калелқызы тағайындалды.
Асем Досанова – қауымдастырылған профессор, PhD докторы, педиатр-дәрігер, жоғары санатты балалар хирургі. Ол өзінің кәсіби қызметін 2008 жылы Астана қаласы әкімдігінің «№2 қалалық балалар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында педиатр-дәрігер лауазымынан бастады.
2012–2013 жылдары аралығында «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ жаңа туған нәрестелер хирургиясы секторының құрамында қызметін жалғастырды.
Кәсіби дамуын жалғастыру мақсатында 2013 жылы Асем Досанова 6D110100 – «Медицина» білім беру бағдарламасы бойынша Астана медицина университетінің докторантурасына оқуға түсті.
2016 жылы ол сәтті диссертация қорғап, PhD дәрежесін алды.
Оқуын аяқтаған соң, ол кәсіби қызметін Астана медицина университетінде жалғастыруды жөн көріп, осы күнге дейін медициналық ғылым мен білім берудің дамуына белсенді үлес қосып келеді.
2016–2023 жылдар аралығында Астана медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасында ассистенттен бастап доцентке дейінгі жолдан өтті. Оның жетекшілігімен кафедрада заманауи білім беру технологиялары – белсенді оқыту әдістері, e-learning және қашықтан оқыту форматтары енгізілді. Асем Досанова студенттік ғылыми үйірменің ғылыми жетекшісі болды, ал оның студенттері бірнеше рет олимпиадалар мен халықаралық конференциялардың жүлдегерлері атанды.
2018–2022 жылдары аралығында ол қаңқалық дисплазиялар бойынша ғылыми жобаның жүзеге асырылуына қатысты.
2023–2025 жылдары аралығында Асем Калелқызы Астана медицина университетінің академиялық қызметті жоспарлау және дамыту орталығын басқарды. Орталық жетекшісі ретінде ол оқу процесін ұйымдастыруды, академиялық блоктың бизнес-процестерін автоматтандыруды, аналитикалық шешімдерді енгізуді және білім беру бағдарламаларын жетілдіруді үйлестірді.
Досанова А.К. – 25 ғылыми жарияланымның авторы, оның 7-і Scopus және Web of Science базаларындағы рецензияланған халықаралық басылымдарда жарық көрген. Сонымен қатар, 5 патент пен бір оқу құралының авторы. Хирш индексі – 3.
Оның кәсіби жетістіктері келесі марапаттармен атап өтілген:
- 2007 – студенттердің үздік ғылыми жұмысына арналған республикалық байқаудың жеңімпазы;
- 2008 – Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарының үздік түлегі;
- 2022 – мемлекеттік «Халық алғысы» медалі;
- 2023 – «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалі.
Өзінің кәсіби жолының алғашқы жылдарынан бастап Асем Досанова белсенділік, кәсібіне адалдық пен көшбасшылық қасиеттерін танытып, Қазақстандағы медициналық білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді.