Астана медицина университетінің Директорлар кеңесінің шешімімен Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор лауазымына Шульгау Зарина Токтамысқызы тағайындалды.
Зарина Шульгау – медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, дәрігер-биохимик, эксперименттік және клиникалық фармакология, фармакотоксикология, қартаюға қарсы медицина және биофармацевтика саласындағы сарапшы. Оның 20 жылдық ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар, соның ішінде зертханаларды басқару, пәнаралық жобаларды іске асыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтарға қатысу.
2006 жылы Сібір мемлекеттік медицина университетін (Томск қ.) «дәрігер-биохимик» мамандығы бойынша аяқтаған. 2006–2009 жылдары аталған университеттің аспирантурасында оқыған, кандидаттық диссертациясын «фармакология, клиникалық фармакология» мамандығы бойынша мерзімінен бұрын қорғауына байланысты аспирантурадан шығарылған.
2009 жылдан бастап аға ғылыми қызметкер, ал 2010–2013 жылдары – «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің (Қарағанды қ.) эксперименттік және клиникалық фармакология зертханасының меңгерушісі қызметін атқарған.
2013–2015 жылдары – Назарбаев Университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығында аға ғылыми қызметкер.
2015–2023 жылдары – Астана қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығында токсикология және фармакология зертханасының жетекшісі.
2018 жылдан бері – «Victus Pharm» ЖШС-нің жетекші ғылыми қызметкері, мұнда оның басшылығымен ғылыми гранттар мен коммерцияландыру жобалары іске асырылуда.
2023–2024 жылдары – Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana құрылымында аға ғылыми қызметкер.
2024 жылдан бастап – Инновациялық және профилактикалық медицина институтының геронтология, гериатрия және қартаюға қарсы медицина бөлімінің маманы.
Оның басшылығымен биомедицина саласындағы негізгі бағыттар бойынша ғылыми гранттар іске асырылуда: геронтология, өкпе фиброзы, жасушалық қартаю, өсімдік тектес экзосомалық нанобөлшектерді әзірлеу.
Зарина Шульгау – 100-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде Scopus және Web of Science базаларындағы рейтингтік халықаралық журналдарда жарияланған 50 мақаланың авторы. Сондай-ақ 15 патент иесі және 2 монографияның авторы. Хирш индексі – 12.
Оның кәсіби жетістіктері беделді марапаттармен атап өтілген:
• Қарағанды облысы әкімінің «Медицина және биотехнология» саласындағы жас ғалымдарға арналған сыйлығының лауреаты;
• Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның екі мәрте иегері;
• Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
Профессор Шульгау өз үлгісімен жас ғалымдарды шабыттандырып, Қазақстандағы медициналық ғылым мен инновацияның дамуына елеулі үлес қосуда.