15 ШІЛДЕ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГИНЕКОЛОГ КҮНІ

15 ШІЛДЕ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГИНЕКОЛОГ КҮНІ

15 ШІЛДЕ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГИНЕКОЛОГ КҮНІ

15 шілде күні медицина саласының өкілдері гинеколог мамандығына арналған Халықаралық кәсіби мерекені атап өтеді. Әйел денсаулығын қорғауға бағытталған бұл сала – медицинаның ең маңызды бағыттарының бірі. Бұл күн – гинеколог мамандығының маңызын ғана емес, сонымен қатар әйел денсаулығы туралы ашық айтып, оны елемей, кейінге қалдырмау керек екенін еске салатын маңызды күн.

Бүгінде гинекология көптеген бағыттарды қамтиды. Мамандар бедеуліктің және әйелдердің репродуктивті жүйесі ауруларының, оның ішінде гормондарға тәуелді аурулардың алдын алып, онкологиялық үдерістердің дамуына жол бермеуге тырысады, сондай-ақ әйелдің менопауза кезеңінен өмір сапасын сақтай отырып өтуіне көмектеседі.

Гинеколог дәрігерге тұрақты түрде қаралу – ағзадағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, күрделі аурулардың алдын алу мүмкіндігі. Жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өту ұсынылады, ал қандай да бір алаңдататын белгілер пайда болса, бірден дәрігерге жүгіну қажет.

Кейде болмашы жайсыздықтың өзі дәрігерге көрінуге себеп болуы мүмкін. Уақытылы қабылдауға бару тек әйелдің өз денсаулығына ғана емес, болашақ ұрпағының саулығына да әсер етеді.

Гинеколог – бұл тек кәсіби маман емес, сонымен қатар әйелдер құпия сырларын сеніп тапсыратын адам. Сондықтан дәрігердің өз ісінің шебері болуы ғана емес, сонымен қатар мұқияттылық, такт, сенім ұялату және әйелдің уайымын сейілту қабілеттеріне ие болуы аса маңызды. Өкінішке қарай, көптеген пациенттер тексеруден интимділігі немесе өткендегі жағымсыз тәжірибесіне байланысты бас тартады. Мұндайда әйелдің сенімін оята білетін дәрігердің рөлі айрықша.

Гинекология саласында тар бағыттағы мамандар да қызмет атқарады:
Акушер-гинекологтар жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңді бақылаумен айналысады.
Гинеколог-эндокринологтар гормондық бұзылыстар мен етеккір циклінің бұзылуына көмектеседі.
Репродуктологтар бала сүюде қиындық көріп жүрген жұптармен жұмыс істейді.

Осы күні тағы бір маңызды жайтты еске салғымыз келеді: аурудың көпшілігін ерте кезеңде емдеу оңай болады. Сондықтан гинекологқа тұрақты түрде қаралу – жай ғана қалыптасқан рәсім емес, бұл – денсаулыққа, сенімділікке және өмір сапасына қосылған үлес.

Гинекология саласын өмірлік жолы ретінде таңдаған барлық дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Әйел денсаулығы сияқты маңызды салаға көрсеткен қамқорлықтарыңыз, сабырларыңыз және нәзіктіктеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика