Астана медицина университеті онкология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты онкохирург Мурат Қабпасұлы Жағыпаровтың қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.
Мурат Жағыпаров 1963 жылдың 10 қарашасында Астана қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын онкология кафедрасындағы клиникалық ординатурадан бастап, кейін Астана қалалық онкологиялық диспансерінде жұмысын жалғастырып, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған.
2001 жылдың қазан айынан бастап, осы күнге дейін Астана медицина университетінде онкология кафедрасының доценті қызметін атқарды.
Мурат Қабпасұлы Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғылыми орталықтарында біліктілігін арттырған. 90-нан астам ғылыми еңбектің, 2 зияткерлік меншік куәлігінің және 4 рационализаторлық ұсыныстың авторы.
Денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық еңбегі мен қосқан үлесі үшін ол «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2015) төсбелгісімен және «Құрметті ұстаз» (2017) атағымен марапатталған.
Ол тек қана білікті маман және ұстаз ғана емес, сонымен қатар әріптестері мен студенттеріне әрдайым қолдау көрсеткен, мейірімді әрі жанашыр тәлімгер бола білді.
Астана медицина университетінің ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына және жақындарына шын жүректен көңіл айтады.
Оның білімі, тәжірибесі мен адамгершілігі-әріптестері мен түлектері жадында мәңгі сақталады.
Жаны жәннатта болсын…