Астана медицина университетінде болашақ дәрігерлерді тәжірибеге бағытталған оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай дайындықтың жарқын мысалдарының бірі – университеттің онкология кафедрасы елордадағы Көпсалалы медициналық орталықтың клиникалық базасында ұйымдастырған «Жас онколог мектебі».
Екі апта бойы студенттер қазіргі онкология әлеміне терең бойлап, практикалық дағдыларды меңгеріп, онколог-дәрігердің жұмыс ерекшеліктерімен танысты. Мектеп бағдарламасына «Онкологиядағы интервенциялық рентгенхирургиялық аспектілер» тақырыбындағы тренинг енгізілді.
Қатысушылар әртүрлі биопсия түрлерін – пункциялық, жіңішке инелі, аспирациялық, эксцизиялық және инцизиялық әдістерін меңгерді. Сонымен қатар, тері астына порт-жүйе орнату техникасын, секторалды резекцияны, сондай-ақ еркін тері қиындысымен пластика жасау арқылы тері ісіктерін кең кесу әдістерін үйренді.
Бағдарлама «Медицина» факультетінің 2 курс студенті Ибрагим Махамбетке ерекше әсер қалдырды. Ол оқу барысында жаңа білім алып қана қоймай, маңызды практикалық дағдыларды игерді, операцияларға қатысып, ассистент ретінде де тәжірибе жинақтады.
– «Жазғы мектеп мен үшін нағыз жаңалық болды. Мен өзімнің болашақ кәсіби қызметімді онкологиямен байланыстыратындығымды түсіндім. Бұл – күрделі, бірақ мыңдаған науқастарға өмір сүруге мүмкіндік беретін аса маңызды мамандық», – дейді Ибрагим.
Осындай білім беру бастамалары студенттерге кәсіби құзыреттерді меңгерумен қатар, өздерінің болашақ медициналық жолын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Өйткені болашақ дәрігер өз мамандығын ертерек айқындаса, кәсіби тұрғыда терең әрі сенімді дами алады.
Жас онкологтардың жазғы мектебі медицина тек кәсіп қана емес, шынайы өмірлік мұрат болып табылатын жаңа буын дәрігерлерін қалыптастырудағы маңызды қадам болды.