АМУ студентінен Милан университетінің магистрантына дейін

АМУ студентінен Милан университетінің магистрантына дейін

АМУ студентінен Милан университетінің магистрантына дейін

2024 жылғы «Астана медициналық университеті» КеАҚ түлегі Ырысты Қызыхан өз ғылыми жолын шетелде жалғастыруда. Қызыл дипломмен, мол білім қорымен және тәжірибесімен ол Италиядағы Милан университетінің магистратурасына қабылданып, сонымен қатар болашақ дәрігер болуды армандайтын жастарды қолдап, бағыттайтын Yrysty Academy атты жеке мектебін ашты.

Ырысты Қызыханның айтуынша, МУА-ны таңдауы саналы әрі айқын шешім болған. Университеттегі оқу оңай болмағанымен, дәл осы күрделілік оның құндылығын арттырды. Емтихандар алдындағы ұйқысыз түндер, жобалармен жұмыс, студенттік ұйымдарға қатысу – барлығы мінезді шыңдады. Университет оған тек білім ғана емес, әлі күнге дейін байланысын үзбеген нағыз достарды да берді. Ол ерекше алғысын ұстаздары – Жанна Сабитбекқызына, Сауле Макенқызына және декан Азиза Мұқатаевнаға білдіреді. Олар Ырысты үшін студентке деген құрметтің, кәсібиліктің және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің үлгісі болды.

Бастапқыда Ырысты сапалы медициналық білім алуға ұмтылды және университетімізде халықаралық білімге жол ашатын мықты іргетасқа ие болатыны берік іргетас қаланатынын жақсы түсінді. «Мен университетке ұяң, өзіне сенімсіз қыз болып түстім, алайда оқу жылдары ішінде мүлде өзгердім. Университет маған ашылуға және бүгінгі мен болуға көмектесті».

Қазіргі уақытта Миланда білім алып жүрген Ырысты АМУ-дағы дайындығының маңыздылығын күн сайын сезінеді. Италиялық білім беру жүйесінде еркіндік пен дербестік көбірек, алайда жауапкершілік те арта түседі. Қазақстанда алған білімі оған барлық сын-қатерлерге төтеп беруге көмектесуде. «Мен химия мен биологияны терең түсінемін, бұл маған үлкен артықшылық береді. Әр күн сайын Қазақстанды лайықты түрде танытып, елімізде мықты мамандар даярланатынын көрсеткім келеді».

Оқу мен белсенді өмір қарқынына қарамастан, Ырысты отбасын, туған жерін сағынатынын жасырмайды. Алғашқы бейімделу айлары қиынға соққанымен, білімге деген құштарлығы мен даму жолындағы талпынысы қиындықтарды еңсеруге көмектесті. Бір жылдың ішінде ол Еуропаның 10 елінде, 14 қаласында болып, көкжиегін кеңейтіп, жаңа тәжірибе жинады.

Алдағы уақытта Ырысты өзін медициналық білім беру және косметикалық ғылымдар саласында көреді. Ол Yrysty Academy мектебін кеңейтуді, италиялық компанияда тағылымдамадан өтуді және адамдардың өздерін дені сау, сенімді әрі бақытты сезінуіне көмектесетін жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Болашақ АМУ-нің студенттеріне ол бірнеше кеңес береді: университеттің барлық мүмкіндіктерін пайдалану – Erasmus бағдарламасы аясында академиялық ұтқырлықтан бастап ғылыми конференцияларға, студенттік ұйымдар мен шетелдік тағылымдамаларға дейін. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру, IELTS тапсыру, ғылыми және хирургиялық үйірмелерге қатысу және міндетті түрде дәрігерлер арасынан ментор табу қажеттігін айтады.

Ал оның басты кеңесі талапкерлер үшін қысқа, бірақ терең ойды қамтиды:
«Өз сұлулығыңды, болмысыңның бар қырын ашуға батыл бол! Өмір ешкімге оңайлықпен берілмейді – ол тек саған арналған».

Ырыстының тарихы – өмірін медицинамен байланыстыруды армандайтын әрбір жанға шабыт. Оның жолы көрсеткендей, егер өзіңе сеніп, еңбектеніп, университеттің барлық мүмкіндіктерін пайдалансаң, ойлағаннан да биік белестерге жетуге болады.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика