Астана медицина университетінің Стоматология мектебі академиялық ұтқырлықты белсенді түрде дамытып, студенттерге Қазақстаннан тыс жерде білім алу мен кәсіби өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Биылғы жыл бұл тұрғыда ерекше маңызға ие болды: болашақ стоматологтар Самарқандта (Өзбекстан) және Антальяда (Түркия) білім алып, университетті халықаралық деңгейде лайықты таныстырды.
Шілде айында «Стоматология» білім беру бағдарламасының студенттері – Анель Турумбетова (4-курс) мен Адиль Кисыков (5-курс) Самарқанд қаласында өткен «Leadership Week – 2025» халықаралық жазғы мектебіне қатысты. Бір апта бойы студенттер заманауи медициналық көшбасшының қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған мазмұнды бағдарламаға қатысты. Болашақ стоматологтар стратегиялық ойлау дағдыларын меңгеріп, командада жұмыс істеуді үйренді, коммуникативтік құзыреттерін дамытты, сондай-ақ күрделі жағдайларда кәсіби жауапкершілік алуды тәжірибе жүзінде бекітті.
Халықаралық тәжірибенің жалғасы ретінде 3-курс студенті Дильнара Джантелова Анталья қаласындағы жеке стоматологиялық клиникада тағылымдамадан өтті. Бағдарлама аясында ол терапиялық, ортопедиялық және хирургиялық стоматологияның заманауи тәсілдерімен танысып, дәрігер үшін маңызды дағдыларды тәжірибеде бекітті: жұмыс үдерісінің эргономикасы, «төрт қолмен» жұмыс істеу техникасы, ассистенттеудің негіздері және медициналық деонтология.
Осылайша, халықаралық тағылымдамалар студенттер үшін тек жаңа білім алу мүмкіндігі ғана емес, жеке тұлғалық қалыптасудың маңызды кезеңі болды. Әрбір қатысушы кәсіби тәжірибемен қатар, өз күшіне деген сенімін, жаңа сын-қатерлерге дайындықты және одан әрі дамуға ұмтылысты бойына сіңіріп оралды.
Стоматология мектебі шетелдік серіктестеріне жемісті ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғысын білдіреді. Осы ықпалдастықтың арқасында АМУ-нің студенттері үздік мамандардан үйреніп, жаңа көкжиектерді ашып, өз армандарына сенімді қадам басуда.
Әрбір шетелдік тағылымдама – Астана медицина университетінің түлектерінің әлемде сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті кәсіби маманға айналу жолындағы маңызды қадам.