Астана медицина университетінде бірінші курс студенттеріне арналған бейімделу апталығы аяқталды. Бұл – алғашқы әсерлерге толы, университет өмірімен танысу және үлкен академиялық отбасына қосылу кезеңі болды.
Алғашқы күндерден бастап студенттер оқу ортасына еніп, университет құрылымы, өзін дамыту мүмкіндіктері және студенттік өмір туралы пайдалы мәлімет алды.
Бірінші курс студенттері мектеп декандарымен және Білім алушыларға қызмет көрсету орталығымен танысты. Орталық мамандары Platonus жүйесінің жұмысы, анықтама алу тәртібі, логиндер мен парольдерді рәсімдеу туралы түсіндіріп берді.
Әлеуметтік және тәрбие жұмысқа ерекше назар аударылды. Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің директоры Зауреш Шаймерденова студенттерге спорт секциялары, үйірмелер, психологиялық және әлеуметтік қолдау бағыттары туралы айтып, сонымен қатар студенттік өзін-өзі басқару мен студенттік ректор жұмысы жайында мәлімет берді. Студенттер университеттің академиялық және әлеуметтік өміріне қатысу мүмкіндіктерімен танысты.
Апта аясында «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 30 жыл: құқықтық негіздер және қазақстандық мемлекеттің болашағы» тақырыбында дәріс өтті. Сондай-ақ, Астана қаласы Полиция департаментінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Құқық қорғау органдары жастармен киберқылмыстың және интернет-алаяқтықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, есірткі қылмысы және құмар ойындары туралы әңгімелесті. Студенттер өз сұрақтарын қойып, нақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Шетелдік студенттер Сарыарқа ауданы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Дана Қожанғалиеваның сөзін ерекше атап өтті. Полиция капитаны уақытша тұру ережелері, тіркеу мерзімдері және көші-қон заңдарын бұзған жағдайда жауапкершілік туралы түсіндіріп берді.
Бейімделу апталығы бірінші курс студенттерін алда жаңа білімдерге, мүмкіндіктерге және қызықты оқиғаларға толы студенттік өмір күтіп тұрғанын көрсетті.