Біздің әрқайсымыз дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарамыз. Күдікті жанама әсерлер туралы хабарлау арқылы біз дәрілердің баршаға қауіпсіз болуына үлес қосамыз. Дәл осы – 2025 жылы өзінің он жылдығын атап өтетін «Дәрілік терапияның қауіпсіздігі апталығы» халықаралық науқанының басты идеясы.
Қазақстанның реттеуші органдары Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті (МФБК) және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы 2025 жылғы 3–9 қараша аралығында өтетін және әлемнің 117 елінен 130 серіктес ұйымды біріктіретін жаһандық кампанияға қатысуда.
Біз пациенттерді, олардың туыстарын және медицина қызметкерлерін кез келген күдікті жанама әсерлер туралы хабарлауға шақырамыз, өйткені әрбір хабарлама басқа адамдардың денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Дәрілік заттар миллиондаған адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын жақсартады. Алайда кейде олар қажетсіз немесе жағымсыз әсерлер тудыруы мүмкін. Осындай жағдайлар туралы хабарлау арқылы пациенттер мен мамандар реттеуші органдарға дәрілердің қауіпсіз қолданылуын қамтамасыз ету үшін уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Әлем елдерінің реттеуші органдары, соның ішінде FDA, EMA және басқа да халықаралық ұйымдар, осындай хабарламаларды дәрілік заттардың қауіпсіздігін бақылау және ықтимал қауіптерге дер кезінде әрекет ету мақсатында пайдаланады. Дегенмен, зерттеулер көрсеткендей, күдікті жанама әсерлердің небәрі 5–10%-ы ғана хабарланады.
«Бұл біз тек айсбергтің ұшын ғана көріп отырғанымызды білдіреді, ал маңызды қауіптерді анықтау үшін көп уақыт қажет. Дәрілік терапияның қауіпсіздігі апталығы арқылы біз адамдардың көбірек хабарлауын, олардың әрбір хабарламасының маңыздылығын түсінуін қалаймыз», — деді ДЗ мен МБ СҰО Фармакологиялық қадағалау департаментінің басшысы Мәлік Әбдірахманов.
Адамдар көбіне жанама әсерлер туралы хабарламайды, себебі олар мұны жасауға болатынын білмейді, оның маңыздылығын бағаламайды немесе ұмытып кетеді.
Сондықтан 2016 жылы халықаралық «Дәрілік терапияның қауіпсіздігі апталығы» (#MedSafetyWeek) басталып, неліктен, қалай және қайда хабарлау қажеттігін түсіндіруді мақсат етті.
2025 жылғы мерейтойлық кампания тарихтағы ең ауқымдысы болмақ — оған 117 елдің 130 ұйымы қатысып, материалдар 60-тан астам тілге аударылды.
«Жанама әсерлер туралы хабарлау арқылы біз дәрілердің қауіпсіздігін арттыра аламыз. Бір адамның дауысы басқа біреудің өмірін қорғауға көмектеседі. Бұл тек дәрігерлер мен фармацевтер емес — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Дәрілік заттардың қауіпсіздігі әрқайсымыздан басталады», — деп атап өтті Мәлік Әбдірахманов.
2025 жылғы 3–9 қараша аралығында әркім #MedSafetyWeek хэштегімен жарияланымдар таратып, сондай-ақ бейнероликтер мен оқу-ағарту материалдарын бөлісу арқылы кампанияны қолдай алады.
Қазақстанда акцияға медициналық ұйымдар мен МФБК-ның аумақтық департаменттері қатысып, халықты ақпараттандыру және бейнероликтерді ел бойынша емханаларда көрсету жұмыстарын қамтамасыз етеді.