Хиросаки университетінің Радиациялық медицина және төтенше жағдайлар институтының өкілі, профессор Yasutaka Omori «Астана медицина университеті» КеАҚ жұмыс сапарымен келді. Бұл іссапар ғылыми әріптестік туралы Меморандумды іске асырудың кезекті кезеңі болып, радиобиология және радиациялық қорғау саласындағы бірлескен зерттеулердің жалғасын айқындады.
Тараптар арасындағы ғылыми ынтымақтастық 2024 жылдың сәуір айынан бастап белсенді түрде дамып келеді. Бірлескен жобаның негізгі бағыты – Солтүстік Қазақстанның уран өндіретін өңірлерінде тұратын халықтың радондық қауіпсіздігін бағалау. Бұл қоғамдық денсаулық пен экологиялық қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланысты өзекті міндет болып табылады.
Профессор Omori сапарының басты мақсаты – қыркүйек айындағы алдыңғы сапар кезінде орнатылған радон детекторларын ауыстыру, сондай-ақ радиациялық зерттеулердің қысқы кезеңін жалғастыру. Жұмыс кездесуі аясында радиобиология және радиациялық қорғау ҒЗИ бас маманы Елшенбек Мулкат алдыңғы эпидемиологиялық зерттеудің нәтижелерін таныстырды. Алынған деректер жобаның келесі кезеңдерін жоспарлауға негіз болды.
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар далалық зерттеулерді жалғастыруға келісті: сәуір айында жапондық ғалымдар Институттың эпидемиологиялық тобымен бірлесіп эпидемиологиялық тексерулер жүргізу үшін Саумалкөл елді мекеніне баруды жоспарлауда. Ал келесі жылдың қыс мезгілінде осы өңірде радиациялық зерттеулер өткізу көзделген.
Кездесу барысында SATREPS ірі халықаралық жоба перспективаларына да ерекше назар аударылды. Радиохимия және радиоспектрометрия сынақ зертханасының бас ғылыми қызметкері Данара Ибраева жобаның Қазақстан Республикасының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Хиросаки университеті және «Астана медицина университеті» КеАҚ арасындағы үшжақты меморандумға қол қою сатысында тұрғанын хабарлады.
Кездесу соңында радиобиология және радиациялық қорғау ҒЗИ қызметкерлері халықаралық өзара ынтымақтастық форматтарын кеңейтуді, соның ішінде «Астана медицина университеті» КеАҚ медициналық генетика және молекулалық биология кафедрасымен ықтимал бірлескен жобаны іске қосуды ұсынды.
Осындай сапарлар мен бірлескен зерттеулер университеттің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін нығайтып, радиациялық қауіпсіздік пен халық денсаулығын қорғау мәселелері бойынша дәлелді ғылыми базаның дамуына елеулі үлес қосады.