Елордада Республикалық инновациялық «Жаңа Қазақстан» орталығы мен «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Үздік магистрант» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды.
Жоба «Адал адам – адал ұрпақ» ұлттық тұжырымдамасын насихаттау, ғылыми ізденісті, кәсіби ойлауды және жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында жүзеге асырылды.
Қатаң конкурстық іріктеу нәтижесінде 7М10104 «Фармация» білім беру бағдарламасының 2-оқу жылының магистранты Елана Сайфуллина қатысушылар арасынан үздік деп танылды. Жоғары деңгейдегі дайындық, ғылыми кемелдік және белсенді зерттеу жұмысының нәтижесінде I дәрежелі дипломын алып, «Үздік магистрант» құрметті төсбелгісін иеленді.
Бұл жетістіктің артында магистранттың табанды еңбегімен қатар ғылыми жетекшінің кәсіби тәлімгерлігі тұр. Елaнаның ғылыми жетекшісі – фармацевтикалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Қапасова Зару Шахметовна жас зерттеушінің ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан елеулі үлесі және білім берудегі инновациялық бастамаларды қолдағаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Елaна Сайфуллинаның ғылыми жетістіктері айрықша: ол алты ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде рецензияланатын басылымдарда жарық көрген еңбектері бар. Сондай-ақ 2025 жылғы 25 қаңтарда өткен XII Халықаралық конференцияда «Фармацевтикалық ғылымдар» секциясы бойынша авторлық ғылыми жұмысымен I орынды иеленді.
Астана медицина университеті магистрант пен оның ғылыми жетекшісін лайықты марапаттарымен құттықтап, ғылыми және кәсіби қызметінде бұдан әрі де табыстар тілейді.