Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Инклюзивті спорт орталығының қызметімен танысты. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген медициналық, спорттық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктіретін еліміздегі алғашқы көпфункционалды кешен.
Орталық инклюзивті спорт пен оңалтуды дамытуға арналған заманауи платформа ретінде құрылған. Оның құрамына спорт залы, оңалту блогы, медициналық кабинеттер, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары, жарыстар және білім беру мен сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыру кезеңінде параспортшыларды орналастыруға арналған қонақүй секторы кіреді.
Қазіргі уақытта Орталық базасында бейімделген спорттың 12 түрі бойынша жаттығулар өткізіледі. Кешен мүмкіндігі шектеулі әртүрлі жастағы адамдарға, соның ішінде балалар мен жастарға бағытталған. Алдын ала бағалауларға сәйкес, орталық қызметтері спортпен тұрақты айналысуға, қалпына келтіру бағдарламаларына және әлеуметтік интеграцияға қол жеткізетін елорда тұрғындарының шамамен 42 мыңына сұранысқа ие болады.
Таныстырылым барысында спорт және білім беру саласында мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектермен жұмыс істейтін білікті мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шараға Астана медицина университетінің «Оңалтутану және спорттық медицина» кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары қатысты: Айнұр Нұрхожаева (ассистент-наставник), Дмитрий Жуков (ассистент), Мадина Ибрагимова («Эрготерапия» мамандығының 2 курс студенті), Назерке Төлеген (мамандығы бойынша 2 курс резидент-дәрігер). Сондай-ақ «Health Nation» оңалту орталығының мамандары Берік Зұлқарнай мен Дәулет Хамитов қатысты. Олар параспортшыларды кешенді оңалту және кәсіби сүйемелдеу бағытындағы заманауи тәсілдерді таныстырды.