2026 жылғы 14 қаңтарда Астана медицина университетінде Қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент мектебінің магистратура бағдарламалары түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.
Биыл 29 магистрант оқуын сәтті аяқтап, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде алған білімдерін, аналитикалық және басқарушылық құзыреттерін тиімді қолдануға дайын екендерін көрсетті. Бұл — түлектердің жоғары академиялық дайындық деңгейінің айқын дәлелі.
Салтанатты рәсімді Астана медицина университетінің проректоры Аян Мысаев құттықтау сөзбен ашып, түлектер таңдаған жолдың маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Магистратура — бұл кемелдікке, жауапкершілікке және академиялық адалдыққа бастайтын жол. Сіздер оңай емес бағытты таңдадыңыздар және әрқайсыңыз көптеген қиындықтарды абыроймен еңсердіңіздер. Бүгінде дәл осындай мамандар еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде аса қажет. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Ақ жол!»
Дипломдарды табыстау рәсімін университет проректоры Асем Досанова, Қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент мектебінің деканы Айгерім Баймағамбетова, Е. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Айгүл Абдулдаева, сондай-ақ эпидемиология және биостатистика кафедрасының доценті Роза Сүлейменова жалғастырды.
Бұл күні акт залында түлектердің ата-аналары мен жақындары, оқытушылар мен тәлімгерлер жиналып, магистранттардың кәсіби қалыптасуына білімін, тәжірибесін және қолдауын аямаған ұстаздар қуанышты сәттің куәсі болды.
Салтанатты шараны қорытындылай келе, Қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент кафедрасының меңгерушісі Асия Тұрғамбаева түлектерге жылы лебізін білдірді:
«Сіздердің араларыңыздан денсаулық сақтау саласының үздік менеджерлері, үздік геронтологтар және жоғары білікті сала мамандары шығады деп сенеміз. Осындай кәсіби мамандардың қатарында өз шәкірттерімізді көру — біз үшін үлкен мақтаныш».
Астана медицина университеті түлектерді оқуын табысты аяқтауларымен құттықтай отырып, кәсіби жетістіктер, нық мансаптық өсу және еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосуды тілейді.