МУА түлектері мен білім алушылары өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерімен кездесті
МУА түлектері мен білім алушылары өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерімен кездесті
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — болашақ медицина мамандарын өңірлердегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, әлеуметтік қолдау шаралары мен кадрлық қажеттіліктер туралы ақпараттандыру, сондай-ақ университет пен денсаулық сақтау саласын басқару органдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту болды.
Кездесу барысында денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі ахуалы туралы мәлімет берді. Бүгінде еліміздің солтүстік өңірлерінде шамамен 7 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек ететіні, сонымен қатар, әсіресе тапшы және аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігер кадрларына деген қажеттіліктің әлі де сақталып отырғаны атап өтілді.
Жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды. Өңірлерге жұмысқа келген дәрігерлер үшін көтерме жәрдемақы қарастырылған, оның мөлшері жұмыс орны мен мамандыққа байланысты өзгеріп отырады: қалалық елді мекендерде 3,5 млн теңгеден бастап, аса тапшы бағыттар бойынша 8,5 млн теңгеге дейін. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламалары және өзге де мемлекеттік қолдау тетіктері жүзеге асырылуда.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде басқарма өкілдері студенттер мен түлектердің барлық сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, өңірлік медициналық ұйымдарда жұмыс істеудің артықшылықтары, кәсіби өсу мен мансаптық даму мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады.
Мұндай кездесулер түлектердің жұмыс орнын саналы түрде таңдауына, өңірлік денсаулық сақтау саласының тартымдылығын арттыруға және елдің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша түлектер әрдайым Астана медицина университетінің Мансап және жұмысқа орналастыру бөліміне (Астана қаласы, Абай даңғылы, 47, 707 және 708 кабинеттер) жүгіне алады.