2026 жылғы 12 ақпанда «Астана медицина университеті» КеАҚ-тың реабилитология және спорттық медицина кафедрасының клиникалық базасында — «Адал Ниет» оңалту орталығында (Астана қ., Мәскеу көшесі, 17) Қазақстан эрготерапевтер қауымдастығының президенті, эрготерапия саласындағы халықаралық сарапшы Петра Магерлмен кездесу өтті.
Сапар барысында Қазақстан Республикасында эрготерапияны дамытуға қатысты өзекті мәселелер, бакалавриат және магистратураның білім беру бағдарламаларын жетілдіру, мамандарды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу, сондай-ақ оңалту медицинасы саласындағы кәсіби қауымдастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Эрготерапия саласында кадр даярлау мен академиялық және кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазіргі заманғы дәлелді тәжірибелерді енгізудің, пациенттерді оңалтуда мультидисциплинарлық тәсілді қолданудың және бұл бағыттың денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сапардың негізгі оқиғасы «Астана медицина университетінің» «Эрготерапия» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан барлық курс студенттерімен өткен мотивациялық кездесу болды. Петра Магерл мамандықтың әлемдік даму үрдістері, заманауи клиникалық тәсілдер, кәсіби қауымдастықтардың тәжірибе стандарттарын қалыптастырудағы рөлі және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндады. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, таңдаған мамандықтарына жоғары қызығушылық танытты.
Іс-шара сындарлы әрі жылы атмосферада өтіп, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанда оңалту көмегі жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.