2026 жылғы 20 ақпанда Астана медицина университетінде «Мейіргер ісі», «Эрготерапия», «Кинезитерапия» бакалавриат білім беру бағдарламаларының, сондай-ақ «Мейіргер ісі» бейіндік магистратурасының түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.
Атаулы күні бакалавриаттың 45 түлегі және магистратураның 1 түлегі кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңін аяқтап, диплом иегері атанды. Түлектерге оқытушылар, туған-туыстары мен жақындары қолдау көрсетті. Диплом алу — денсаулық сақтау жүйесіндегі дербес кәсіби жолдың бастауына айналды.
Құттықтау сөз сөйлеген Астана медицина университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Асем Досанова:
«Хирург ретінде айта кеткім келеді, кәсіби өмірімдегі алғашқы ұстаздарымның бірі — мейіргерлер болды. Олар дәрігердің клиникалық ойлауын және практикалық дағдыларын қалыптастыруға зор үлес қосады. Сондықтан бүгін болашақ мейіргер мамандарға диплом табыстау рәсіміне қатысу мен үшін ерекше құрмет.
Қысқартылған білім беру бағдарламаларының түлектеріне ерекше назар аударғым келеді. Сіздер денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс тәжірибесіне ие бола отырып, жоғары медициналық білім алуға саналы түрде қадам жасадыңыздар. Бұл — жауапкершілік пен кәсіби дамуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.
Бүгінде сіздерде мейіргер ісі бойынша магистратура мен докторантурада оқуды жалғастыру мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта көпшілігіңізді университет қабырғасында қайта көреміз деп сенемін».
Мемлекет адам капиталын дамыту мәселесінің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Бүгінгі түлектер — алдағы ондаған жылдардағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуына қосылған үлес.
Құрметті түлектер, білім беру және кәсіби өмірлеріңіздегі маңызды кезеңнің аяқталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта жаңа жетістіктерге жетіп, кәсіби өсіп-өркендеп, халық денсаулығы жолында табысты қызмет етулеріңізге тілектеспіз.