Кәсіби болашаққа көпір: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2026

Кәсіби болашаққа көпір: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2026

Кәсіби болашаққа көпір: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2026

Астана медицина университеті қабырғасында дәстүрлі Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл – бітіруші түлектер үшін маңызды әрі тағдыршешті шаралардың бірі. Алаң еліміздің әр өңірінен келген медициналық ұйым басшылары мен бітіруші курс студенттерін тоғыстырып, болашақ мамандар мен әлеуетті жұмыс берушілер арасында тікелей әрі ашық диалог орнатуға мүмкіндік берді.

Білікті кадрларға сұраныс танытқан Қазақстанның 10 облысынан келген делегациялар, сондай-ақ 64 медициналық ұйымның өкілдері шараға қатысты. Олардың қатарында республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарынан бастап аудандық емханаларға дейінгі денсаулық сақтау ұйымдары бар.

Күннің басты кейіпкерлері — бакалавриат, интернатура және резидентура бағдарламалары бойынша білімін аяқтаған 700-ге жуық түлек. Жәрмеңке олар үшін бір күн ішінде болашақ еңбек жолын айқындауға мүмкіндік берген бірегей алаңға айналды.

Жәрмеңке барысында түлектер:

*медициналық ұйымдардың бірінші басшыларымен, соның ішінде стоматологиялық бейіндегі мекемелер өкілдерімен тікелей кездесті;

*жедел сұхбаттасудан өтіп, өздерінің кәсіби жетістіктерін таныстырды;

*жұмысқа орналасу шарттары, еңбекақы деңгейі және әлеуметтік қолдау шаралары (көтерме жәрдемақы, тұрғын үймен қамтамасыз ету) туралы жан-жақты ақпарат алды;

*түйіндемелерін әлеуетті жұмыс берушілер базасына қалдырды.

 Практикалық денсаулық сақтау саласының өкілдері өңірлік қағидат бойынша ұйымдастырылған және тікелей қарым-қатынасқа негізделген жаңартылған формат түлектің кәсіби әлеуетін бірден бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Астана медицина университетінің ел үшін білікті кадрлар даярлайтын жетекші жоғары оқу орны ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады. Жұмыс беруші мен жас дәрігер арасындағы тікелей байланыс — өңірлердің кәсіби мамандармен қамтамасыз етілуінің, ал түлектердің сенімді әрі лайықты еңбек жолын бастауының берік кепілі.

 Астана медицина университеті өз түлектеріне кәсіби жолының сәтті басталуын тілейді.

Сіздің жетістігіңіз — Alma Mater-дің мақтанышы.

 

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика