Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында академик Найля Базанова атындағы марапатты тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.
Ғылым саласындағы ерекше жетістіктері үшін отандық әйел-ғалымдарға арналған беделді марапатқа медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің профессоры Марина Алексеевна Моренко ие болды.
Биыл Н. Базанова атындағы марапатқа Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосып, түрлі ғылыми бағыттарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген еліміздің жетекші 66 әйел-ғалымы мен ғылыми қызметкері лайық деп танылды.
Марапат көрнекті қазақстандық физиолог-ғалым, Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик Найля Уразгуловна Базанованың есімімен аталады. Ол биология ғылымындағы жаңа бағыт — ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Сондай-ақ қазақстандық әйелдер арасында алғашқылардың бірі болып биология ғылымдарының докторы, профессор және Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі атанған.
Академик Н. Базанова атындағы марапат — ғылыми қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, маңызды ғылыми жаңалықтар ашқан немесе қолданбалы зерттеулердің дамуына елеулі үлес қосқан әйел-ғалымдардың еңбегін мойындаудың белгісі. Бұл марапаттың тағайындалуы отандық ғылымдағы әйелдердің жетістіктерін кеңінен насихаттауға, сондай-ақ жас зерттеушілерді қолдау мен ынталандыруға бағытталған.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Куришбаев атап өткендей, Қазақстанда ғылыми зерттеулермен айналысатын әйелдердің саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде олардың үлесі ғылыми қызметкерлердің жалпы санының шамамен 56 %-ын құрайды, бұл — 12 893 адам. Олардың қатарында 898 ғылым докторы, 2 859 ғылым кандидаты, 2 229 PhD докторы және 185 бейіні бойынша доктор бар.
Марина Алексеевна Моренкоға марапаттың берілуі оның медицина ғылымының дамуына қосқан елеулі үлесін мойындау әрі елдің ғылыми әлеуетін нығайтуда маңызды рөл атқарып жүрген қазақстандық әйел-зерттеушілердің жоғары ғылыми жетістіктерінің дәлелі болды.