Туберкулездің алдын алу айлығы аясында дөңгелек үстел өтті

Туберкулездің алдын алу айлығы аясында дөңгелек үстел өтті

Туберкулездің алдын алу айлығы аясында дөңгелек үстел өтті

Астана медицина университеті базасында туберкулездің алдын алу, ауруды ерте анықтау және халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында өтетін Туберкулездің алдын алу айлығы аясында ұйымдастырылды. Бұл кезең жыл сайын 24 наурызда аталып өтетін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай өткізіледі.

Туберкулез бүгінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті жұқпалы аурулардың бірі болып қала береді. Заманауи медицинаның жетістіктеріне қарамастан, аурумен күресте профилактика, дер кезінде диагностика жүргізу және әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы шешуші рөл атқарады.

Іс-шараны «АМУ» медициналық орталығы ЖШС, Астана медицина университетінің резидентура және клиникалық жұмыс бөлімімен, сондай-ақ эпидемиология және биостатистика, жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедраларымен бірлесіп ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге университеттің Педиатрия мектебінің 3-курс студенттері қатысты. Болашақ дәрігерлер үшін туберкулездің алдын алу және ауруды ерте анықтау мәселелері кәсіби қызметінде ерекше маңызға ие.

Кездесу барысында жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының доценті Анатолий Алексеевич Бугаков және «АМУ» медициналық орталығы ЖШС учаскелік дәрігер-фтизиатры Клара Пахвашевна Садикова баяндама жасады. Мамандар өз сөздерінде туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай, ауруды ерте анықтаудың заманауи тәсілдері туралы мәлімет беріп, инфекцияның таралуының алдын алуда профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында туберкулездің алдын алудың негізгі шараларына ерекше назар аударылды. Сарапшылар жаңа туған нәрестелерді вакцинациялаудың маңызын, ересек тұрғындар үшін флюорографиялық тексеруден жүйелі түрде өтудің және балалар арасында туберкулинодиагностика жүргізудің қажеттілігін, сондай-ақ науқастармен байланыста болған адамдарды дер кезінде тексерудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу және профилактика мәдениетін қалыптастырудың рөлі ерекше атап өтілді.

Дөңгелек үстел өткізу кәсіби тәжірибе алмасуға және туберкулезге қарсы күрестің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Сондай-ақ бұл іс-шара білім алушылар мен медицина қызметкерлерінің ақпараттық деңгейін арттыруға ықпал етті.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика