Қазақстан мен Таиланд арасындағы ғылым көпірі: Астанада онкологияның болашағы талқыланды

Қазақстан мен Таиланд арасындағы ғылым көпірі: Астанада онкологияның болашағы талқыланды

Қазақстан мен Таиланд арасындағы ғылым көпірі: Астанада онкологияның болашағы талқыланды

Астанада Назарбаев Университетінің Медицина мектебі базасында онкология, прецизионды медицина, емдеудің пәнаралық тәсілі және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне арналған Тайланд–Қазақстан академиялық медициналық симпозиумы өтті.

Іс-шара ғылыми және клиникалық тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаңға айналып, Қазақстан мен Таиландтың жетекші мамандарын біріктірді. Қатысушылар онкологиялық көмектің өзекті бағыттарын, соның ішінде жасушалық және гендік технологияларды, диагностикада жасанды интеллектті қолдануды, заманауи емдеу тәсілдерін, сондай-ақ медициналық білім беру мен шалғай өңірлердегі пациенттерді қолдау мәселелерін талқылады.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова және Таиланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркс ханым құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, симпозиум жұмысына Таиланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің министр-кеңесшісі Оратай Пхубунлап Гунасилан ханым қатысты.

Астана медицина университетінің атынан стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Аян Мысаев сөз сөйлеп, университеттің даму бағыттары, ғылыми-білім беру әлеуеті және халықаралық әріптестік басымдықтары туралы баяндама жасады.

Ғылыми бағдарлама аясында онкология кафедрасының ассистенті Асия Куканова клиникалық баяндама ұсынды. Оның тотығу стрессінің әсерінен колоректалдық қатерлі ісіктегі KRAS мутациясын тежеуге арналған зерттеуі қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, кәсіби талқылауға ұласты.

Симпозиумға Астана медицина университетінің онкология кафедрасының өкілдері белсенді қатысты: кафедра меңгерушісі Абай Макишев, доценттер Айжан Бекишева мен Марат Мәулетбаев, ассистенттер Дархан Ахмедин мен Назгүл Жантемірова, сондай-ақ онколог-резиденттер.

Ұйымдастырушылық қолдау мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға халықаралық ынтымақтастық бөлімінің қызметкерлері — бас маман Мерей Сатаева және жетекші маман Алина Тулеубаева үлес қосты.

Симпозиумға шетелдік қатысушылар қатарында Таиландтың жетекші мамандары болды: доктор Сутхат Фучароен (Махидол университеті), доктор Сурадей Хонгенг (Махидол университетінің Раматхибоди госпиталі және Samitivej Hospitals Group), доктор Тханачай Санлунг (Кхонкэн университеті), доктор Висут Ламлерттхон (Чулабхорн корольдік академиясы), Минами Намиза ханым (Samitivej Hospitals Group және Сүйек кемігін трансплантациялау жөніндегі жаһандық орталық), сондай-ақ CT Asia Robotics Co. Ltd компаниясының бас атқарушы директоры Чалермпон Пунноток.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін Астана медицина университетінің онкология кафедрасының делегациясы тайлық әріптестерімен бірге Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа барды. Сапар барысында қатысушылар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологияларымен танысып, әрі қарайғы кәсіби ынтымақтастық пен инновациялық әдістерді клиникалық тәжірибеге енгізу перспективаларын талқылады.

Симпозиумның өткізілуі Қазақстан мен Таиланд арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуда және ғылыми диалогты кеңейтуде маңызды кезең болды. Астана медицина университеті тұрақты халықаралық серіктестіктерді дамытып, жаһандық медициналық және ғылыми қауымдастыққа интеграциялануды жалғастыруда.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика