2026 жылғы 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында Австрия Республикасының Вена қаласында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) «Strengthening Medical Physics in Diagnostic and Interventional Radiology» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Regional Workshop on Professional Status and Training Gaps in Diagnostic Radiology Medical Physics» атты өңірлік семинар өтті.
Қазақстан Республикасынан аталған іс-шараға «Астана медициналық университеті» КеАҚ радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институтының медицинадағы радиациялық қауіпсіздік бойынша референс-зертханасы бар Ұлттық оқу орталығының басшысы Мөлдір Аумаликова қатысты. Ол Қазақстан тарапынан осы жобаның ұлттық координаторларының (counterpart) бірі болып табылады.
Семинар барысында Мөлдір Аумаликова диагностикалық радиологиядағы медициналық физиктердің рөлі мен қазіргі жағдайына арналған баяндама жасады. Баяндамада кадрларды даярлау, кәсіби мәртебе және Қазақстан Республикасындағы осы саланың дамуындағы өзекті мәселелер қамтылды.
Аталған жоба Еуропа және Орталық Азия елдерінде медициналық физиканы дамытуға бағытталған, оның негізгі мақсаты – мамандардың кәсіби мәртебесін арттыру және диагностикалық әрі интервенциялық радиология саласында кадрларды даярлау жүйесіндегі олқылықтарды жою.
Семинар жұмысына Албания, Армения, Босния және Герцеговина, Болгария, Хорватия, Чехия, Эстония, Греция, Венгрия, Қазақстан, Латвия, Литва, Черногория, Молдова, Солтүстік Македония, Ресей, Сербия, Словения, Тәжікстан және Украинадан барлығы 20 елдің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында медициналық физиктердің кадрлық әлеуетін дамыту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, үздіксіз кәсіби даму жүйесін енгізу, сондай-ақ диагностикалық радиологияда сапа мен радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі медициналық физиктердің рөлін арттыру мәселелері талқыланды.
Қазақстанның осы іс-шараға қатысуы халықаралық тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және медициналық физика саласындағы мамандарды даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.