Жастар, ғылым және инновациялар: Астана медицина университетінде жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті

Жастар, ғылым және инновациялар: Астана медицина университетінде жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті

Жастар, ғылым және инновациялар: Астана медицина университетінде жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті

«Астана медицина университеті» КеАҚ базасында екі күнге созылған «Медицинадағы тұрақты даму жөніндегі жастар форумы: идеялар, шешімдер және перспективалар» атты Халықаралық студенттік ғылыми форум өз жұмысын сәтті аяқтады. Ғылым күніне орайластырылған бұл ауқымды шара жас ғалымдарды, студенттер мен оқытушыларды заманауи медицинаны дамытудың өзекті мәселелері төңірегіне біріктірді.

Форумның салтанатты ашылу рәсіміне ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Зарина Шульгау мен университеттегі мектеп декандары қатысты. Өз сөзінде спикерлер жастар ғылымының маңыздылығын, зерттеу бастамаларын қолдауды және заман талабына сай жаңа буын мамандарын даярлау қажеттілігін атап өтті.

Екі күн бойы қатысушылар медицинаның барлық салаларын қамтитын 13 ғылыми секция бойынша баяндамаларын ұсынды. Зерттеулер іргелі медицина, биомедицина, патологиялық анатомия, фармакология, хирургия, педиатрия, қоғамдық денсаулық сақтау және цифрлық медицина сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтыды.

Форум аясында барлығы 250-ден астам баяндама тыңдалды. Секция жұмыстарының қорытындысы бойынша университет оқытушыларынан құралған құзыретті қазылар алқасы ең үздік қатысушыларды анықтап, оларды дипломдармен және арнайы марапаттармен марапаттады.

Іс-шараның ерекше сәті - демеушілердің қолдауымен өткен «MedAI Hackathon Astana» инновациялық хакатоны болды. Командалар медицинаға арналған заманауи IT-шешімдерді ұсынып, цифрлық технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізуге деген жоғары дайындықтары мен креативті тәсілдерін көрсетті.

Форум нәтижесінде қатысушылардың тезистері арнайы ғылыми еңбектер жинағында жарияланды. Бұл шара Астана медицина университетінің ғылымды дамытуға, талантты жастарды қолдауға және болашақ медицинасындағы инновацияларды ілгерілетуге арналған жетекші алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика