Астана медицина университетінде Қазақстанның халықаралық даму агенттігі KazAID және Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі TIKA қолдауымен жүзеге асқан «Avicenna: Healthcare» халықаралық білім беру бағдарламасының жабылу салтанаты өтті.
Орталық Азия елдері арасындағы академиялық ұтқырлықты дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жоба Қырғыз Республикасындағы Ош мемлекеттік университеті мен Тәжікстан Республикасындағы Әбуәли ибн Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина» білім беру бағдарламасының 4-курсынан 12 студентті біріктірді.
Үш апта бойы қатысушылар университеттің клиникалық базаларында білім алды. Бағдарлама аясында «Хирургиялық аурулар негіздері» және «Акушерия және гинекология негіздері» пәндері оқытылып, Қазақстан Республикасындағы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесімен таныстырылды.
Жабылу салтанатына жоба ұйымдастырушылары мен серіктестері қатысты. Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Қазақстанның халықаралық даму агенттігі KazAID Басқарма төрағасы Аркен Арыстанов, Қазақстан Республикасындағы TIKA үйлестірушісі Фуат Ердоғмуш, сондай-ақ университеттің Медицина мектебінің деканы Әлия Смағұлова болды.
Салтанатты шара барысында қатысушыларға бағдарламадан өткені туралы сертификаттар табысталды. Серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері оқу үдерісінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, білім беру курсының тәжірибелік маңызын және оның болашақ дәрігерлердің кәсіби қалыптасуындағы рөлін атап өтті.
Өз кезегінде студенттер Астана медицина университетінің басшылығына жылы қабылдау, жаңа білім мен құнды тәжірибелік дағдылар үшін шынайы алғыстарын білдірді.