Астана медицина университетінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітап күніне арналған «KitapTime» Кітапхана күні атты ауқымды мәдени-білім беру іс-шарасы өтті. Аталған шара студенттерді, оқытушыларды, университет қызметкерлерін және баспа ісінің өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.
Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, заманауи ақпараттық ресурстармен жұмыс жасау мәдениетін дамыту, сондай-ақ білім алушылардың зияткерлік және рухани дамуын қолдау болды.
Салтанатты ашылу рәсіміне университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Анар Тұрмұхамбетова қатысып, өзінің оқу тәжірибесімен бөлісіп, болашақ медицина мамандарының кәсіби дамуына қажетті шығармаларды атады.
Қонақтарға мазмұнды бағдарлама ұсынылды: кітап жәрмеңкесі, тақырыптық көрмелер, зияткерлік ойындар, шығармашылық байқаулар, баспа өкілдерімен кездесулер және цифрлық білім беру платформаларын пайдалану бойынша кеңестер ұйымдастырылды.
Іс-шараға заманауи оқу, ғылыми және көркем әдебиетті ұсынған еліміздің жетекші баспаларының қатысуы ерекше көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар қатарында «ГЭОТАР-Медиа», «Фолиант», «Medconsults», «Эверо», «Alash Book», «Логобук» баспалары және «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры болды.
Тақырыптық экспозициялар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. «АстМУ: Alma mater» көрмесінде университет ғалымдарының медицина ғылымы мен білім беру саласына қосқан үлесін айқындайтын еңбектері ұсынылды. «Алтын мұра» көрмесінде кітапхана қорының сирек әрі құнды басылымдары көрсетілді. Ал «Дәуір жады» ретро-экспозициясы өткен кезеңдердегі ақпарат тасымалдаушылармен таныстырды.
Іс-шара аясында Астана қаласындағы «Отбасы хрестоматиясы» қорының өкілі Самараддин Жүрсінбайұлымен кездесу өтті. Қатысушылар отбасылық құндылықтарды нығайту, ұлттық тәрбие және тұлға қалыптастырудағы кітаптың рөлі жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ шығармашылық байқаулардың қорытындысы шығарылып, «Жыл меценаты», «Оқырман – 2026» және «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациялары бойынша марапаттар табысталды. Book-talk зияткерлік ойыны студенттердің қызығушылығын арттырып, олардың оқу және коммуникативтік белсенділігін дамытуға ықпал етті.
«KitapTime» атты Кітапхана күні кітапханашылар, оқытушылар мен студенттер арасындағы кәсіби және мәдени өзара іс-қимылдың тиімді алаңына айналып, кітапхананың заманауи білім беру және ғылыми орталық ретіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Оқу – ойды өзгертеді. Білім – болашақты қалыптастырады.