Астанада болашақ дәрігерлер өмірді сақтап қалуға дайындығын сынақтан өткізді

Астанада болашақ дәрігерлер өмірді сақтап қалуға дайындығын сынақтан өткізді

Астанада болашақ дәрігерлер өмірді сақтап қалуға дайындығын сынақтан өткізді

Астана медицина университетінде ауруханаға дейінгі кезеңде шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша Astana Emergency Medicine Olympiad республикалық студенттік олимпиадасы өтті. Бұл теориялық білімді тексеретін жарыс қана емес, сонымен қатар реакция жылдамдығын, сабырлылықты және санаулы уақыт ішінде дұрыс әрекет ету қабілетін бағалаған тәжірибелік сынақ болды.

Олимпиада алаңына Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналды. Жеңіс үшін Батыс Қазақстан медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Назарбаев Университеті Медицина мектебі, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Астана медицина университетінің командалары бақ сынасты.

Сынақтар шынайы жағдайларға негізделген екі сценарий бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде командалар бірнеше зардап шеккені бар жол-көлік оқиғасы орнында жұмыс істеді. Пациенттердің рөлін актерлер сомдады, сондықтан қатысушылар тек клиникалық міндеттермен ғана емес, сонымен қатар ауырсыну, қорқыныш, абыржу және апаттан кейінгі алғашқы минуттардағы күйзеліс секілді шынайы адами эмоциялармен де бетпе-бет келді.

Екінші сценарийде қатысушылар үй жағдайына ұқсас ортада жүрегі тоқтап қалған науқасқа көмек көрсетті. Бұл кезеңде жүрек-өкпе реанимациясының сапасын, әрекеттердің дәлдігін және команданың үйлесімділігін объективті бағалауға мүмкіндік беретін робот-симулятор қолданылды.

Олимпиаданың маңызын қазылар алқасының құрамы арттыра түсті. Студенттердің жұмысын еліміздің жетекші медициналық ұйымдарының дәрігерлері мен сарапшылары бағалады. Олардың қатарында UMC корпоративтік қоры, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы, көпсалалы клиникалық ұйымдардың мамандары, сондай-ақ Алматы мен Ақтөбе қалаларындағы симуляциялық орталықтардың басшылары болды.

Қазылар құрамында жоғары санатты анестезиолог-реаниматологтар, интенсивті терапия, травматология және ортопедия саласының мамандары, халықаралық BLS, ACLS, PALS, PHTLS бағдарламаларының инструкторлары, бөлімше меңгерушілері және тәуелсіз медициналық сарапшылар болды. Бағалау формалды түрде емес, негізгі кәсіби дағдыларға негізделді: клиникалық ойлау, командалық жұмыс, пациент қауіпсіздігі және жедел шешім қабылдау қабілеті назарға алынды.

Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Қарағанды медицина университетінің «Code Blue» командасы иеленді. Екінші орын С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Асфен» командасына бұйырды. Үшінші орынды Астана медицина университетінің «Lege Artis» командасы иеленді.

Astana Emergency Medicine Olympiad болашақ дәрігерлер үшін шынайы кәсіби тәжірибеге жақын дайындық алаңына айналды. Олимпиада дәрігер үшін алгоритмді білу ғана жеткіліксіз екенін, оны дәл осы сәтте - жанында пациент, команда және өмірге әсер ететін санаулы минуттар бар кезде тиімді қолдана білу маңызды екенін көрсетті.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика