Астана медицина университеті ISO 37001:2016 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйелері» халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігін растаған Қазақстандағы алғашқы медициналық жоғары оқу орындарының бірі атанды. Сәйкестік сертификатын Халықаралық аккредиттеу форумы (IAF) таныған және мақұлдаған, Көпжақты келісімдер жөніндегі негіздемелік бағдарламаның (MLA) мүшесі болып табылатын халықаралық SWISS APPROVAL аккредиттеу органы берді.
ISO 37001:2016 - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, ықтимал бұзушылықтарды анықтауға және ашық басқару тетіктерін енгізуге бағытталған халықаралық стандарт. Білім беру ұйымдары үшін бұл стандарттың маңызы ерекше, себебі ол академиялық қызметпен қатар әкімшілік процестерді де қамтиды.
Сертификаттаудан өту Астана медицина университетінде ашықтық, әділдік және сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылғанын растады. Университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, ішкі бақылау рәсімдері, тәуекелдерді бағалау тетіктері, сондай-ақ қызметкерлерді тұрақты мониторингтеу және оқыту тәжірибесі енгізілген.
Халықаралық сертификат алу корпоративтік мәдениеттің жоғары деңгейін растаумен қатар, студенттер, оқытушылар, серіктестер және қоғам тарапынан сенімді нығайтудың маңызды қадамы болды.
Сертификаттау университет қызметінің барлық деңгейін - білім беру процесінен бастап басқарушылық шешімдер жүйесіне дейін қамтыды. Сыртқы аудит барысында қолданыстағы басқару тетіктері мен халықаралық талаптардың сақталуына оң баға берілді.
АсМУ басшылығы сыртқы аудитті дайындау және өткізу кезеңдерінің барлығында кәсібилік, жауапкершілік және ұйымшылдық танытқан ұжымға алғысын білдіреді.
Астана медицина университеті адалдық қағидаттарын ұстанатын университет ретінде алдағы уақытта да ISO 37001:2016 халықаралық стандартының қағидаттарын дәйекті түрде қолдап, дамытуды, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды және медициналық білім беру жүйесінде жоғары сапа мен сенім стандарттарын қамтамасыз етуді жалғастырады.