21–22 мамыр күндері Астана медицина университетінде Еуразиялық оториноларингологтар Ассамблеясының сессиясы және «Оториноларингологиядағы жаңа аспектілер – бас және мойын хирургиясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды іс-шара сегіз елден келген жетекші ЛОР-мамандарын, ғалымдар мен хирургтарды біріктірді.
Ірі ғылыми форум Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, отандық оториноларингология ғылыми мектебінің негізін қалаушы, университеттің оториноларингология кафедрасының құрметті меңгерушісі, академик Райыс Төлебаевтың 85 жылдығына арналды. Оның есімі отандық ЛОР-ғылымының дамуы мен халықаралық кәсіби ынтымақтастықтың символына айналған.
Екі күн бойы қатысушылар құлақ, мұрын және тамақ ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи технологияларын, аз инвазивті хирургияны, кохлеарлық имплантацияны, ЛОР-онкологияны және бас пен мойын хирургиясындағы пәнаралық тәсілдерді талқылады. Ғылыми бағдарламаға ондаған баяндамалар, постерлік таныстырылымдар және әлемдік деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен өткен халықаралық шеберлік сабақтары енді.
Варшава университетінің профессоры, Еуропалық бассүйек негізі хирургиясы қоғамының президенті Kazimierz Niemczyk өткізген шеберлік сабақтары ерекше қызығушылық тудырды. Астана қаласының клиникалары базасында құлақ микрохирургиясы бойынша жоғары технологиялық операциялар жасалып, халықаралық тәжірибе алмасудың жарқын үлгісі көрсетілді.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар қазақстандық оториноларингологияның жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және оның әлемдік заманауи үрдістерге сәйкес екенін атап өтті. Қабылданған қарар сала дамуының негізгі бағыттарын — инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді кеңейту, жас мамандарды қолдау және халықаралық әріптестікті нығайтуды айқындады.
Форум қатысушылары Астана медицина университетінің басшылығына, ұйымдастыру комитетіне және оториноларингология кафедрасына халықаралық ауқымды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.