Астана медицина университетінің ғалымдары ESPID 2026 конгресінде зерттеу нәтижелерін ұсынды

Астана медицина университетінің ғалымдары ESPID 2026 конгресінде зерттеу нәтижелерін ұсынды

Астана медицина университетінің ғалымдары ESPID 2026 конгресінде зерттеу нәтижелерін ұсынды

Астана медицина университетінің қызметкерлері Италияның Болонья қаласында өткен ESPID 2026 (European Society for Paediatric Infectious Diseases) халықаралық конгресіне қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалар жұқпалы аурулары саласындағы жетекші мамандардың басын қосқан іс-шараға қатысты.

Университет атынан беделді ғылыми форумда Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагуль Баешева, кафедра профессоры Галина Жумагалиева және қауымдастырылған профессор Баян Турдалина постерлік баяндама жасады.

ESPID конгресі – педиатриялық инфекция саласындағы заманауи үрдістер мен жетістіктерді талқылайтын ең беделді халықаралық алаңдардың бірі. Ғылыми бағдарлама аясында балалардағы жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностика және емдеу мәселелері, антимикробтық төзімділік, иммундау бағдарламаларын жетілдіру, сондай-ақ зертханалық диагностиканың заманауи технологиялары қарастырылды.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын жаһандық денсаулық сақтау мәселелеріне арналған сессиялар тудырды. Сарапшылар климаттың өзгеруінің әлемдік эпидемиологиялық жағдайға әсерін, жұқпалы аурулардың таралуын және жаңа патогендердің пайда болу тәуекелдерін талқылады. Бұл қауіптер медицина қауымдастығы тарапынан жедел әрекет етуді талап етеді.

Астана медицина университеті делегациясы –«Impact of premorbid conditions on severity and intensive care utilization in children hospitalized with acute respiratory viral infections» атты постерлік баяндамасын ұсынды. Зерттеу балалардағы жедел респираторлық вирустық инфекциялардың ауыр өтуіне әсер ететін факторларды және қарқынды терапияны қолдану қажеттілігін анықтауға арналды. Бұл жұмыс шетелдік әріптестердің қызығушылығын тудырып, кәсіби пікір алмасуға негіз болды.

Ғылыми бағдарламаға қатысумен қатар, университет өкілдері Корея Республикасы, Франция, Испания, Италия және Парагвай елдерінің ғалымдары мен мамандарымен бірқатар кездесулер өткізді. Қалыптасқан байланыстар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен зерттеулер мен академиялық бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.

ESPID 2026 конгресіне қатысу университет қызметкерлеріне балалар жұқпалы аурулары саласындағы озық әлемдік тәжірибелермен танысуға, кәсіби құзыреттерін арттыруға және Астана медицина университетінің халықаралық ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік берді. Алынған білім мен тәжірибе университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және клиникалық қызметін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика