Олар 2026 шығарылымының ең жарқын жұлдыздары болып қала береді

Олар 2026 шығарылымының ең жарқын жұлдыздары болып қала береді

Олар 2026 шығарылымының ең жарқын жұлдыздары болып қала береді

Олар кетті. Бірақ 2026 жылғы түлектердің ең жарқын жұлдыздары болып қала береді. Әрбір түлек өзінен кейін бір тарих қалдырады. Ал 2026 жылғы түлектер тұтас бір ғаламды артында қалдырды.

Биыл Астана медицина университетінде Медицина мектебінің бірден екі легіне диплом табысталды. Жеті жылдық білім беру бағдарламасын тәмамдаған 928 түлек және алты жылдық білім беру бағдарламасын аяқтап, «Жалпы практика дәрігері», «Терапия», «Хирургия» және «Акушерлік және гинекология» бағыттары бойынша бейіндік интернатурадан өткен 822 түлек диплом алды. Осылайша, Қазақстанның медицина қауымдастығы алғашқы кезекшілігін, алғашқы пациентін және алғашқы үлкен кәсіби жауапкершілігін қабылдауға дайын 1 750 жас дәрігермен толықты.

Олардың арасында есімі бүгінде университет қабырғасынан әлдеқашан асып, халықаралық деңгейде танылып жүрген түлектер аз емес.

Аида Байбусунова клиникалық дайындықты терең ғылыми ізденіспен ұштастыра білді. Оқу барысында ол халықаралық зерттеу жобаларына қатысып, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтті және әлемдегі ең беделді екі жоғары оқу орны – Кембридж және Оксфорд университеттерінің докторантурасына шақырту алды. Оның жетістігі Астана медицина университетінің түлектері халықаралық академиялық ортада да лайықты бәсекелесе алатынын айқын көрсетті.

Биыл «Жалпы медицина» алты жылдық білім беру бағдарламасы түлектері арасындағы ең жоғары GPA көрсеткіші Илона Лиге тиесілі. Алайда оның жетістігі тек үздік бағалармен ғана шектелмейді. Халықаралық олимпиадалардағы жеңістері, ғылыми зерттеулері, «Veritas» хирургиялық үйірмесіне жетекшілік етуі және «Акушерлік және жедел гинекология» бағыты командасының капитаны болуы Илона Лиді өз буынының ең жарқын көшбасшыларының біріне айналдырды.

Университет мақтан тұтатын тағы бір есім – Алина Ахметова. Ол – Қазақстан медициналық жастар ұйымы KazMSA-ның бұрынғы президенті, Erasmus+ грантының иегері, Словениядағы академиялық ұтқырлық бағдарламасының және Испаниядағы кардиохирургия бойынша тағылымдаманың қатысушысы, урология бойынша халықаралық олимпиаданың жүлдегері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еріктісі әрі IFMSA халықаралық тренері. Алина Қазақстанның атынан халықаралық деңгейдегі ең ірі алаңдарда сөз сөйлеп, болашақ медицина мамандарына заманауи білім алуға мүмкіндік беретін alar.academia білім беру жобасының негізін қалады.

Алайда 2026 жылғы түлектер легі тек жеке жетістіктерімен ғана есте қалмайды.

Университеттің ерекше мақтанышына айналған түлектер тобы ZhanCare.AI стартабын құрды. Адильхан Ашимов, Диар Жакижанов, Алишер Ибраев және олардың командасы жасанды интеллект пен телемедицинаны біріктіретін денсаулық сақтау саласына арналған цифрлық платформаны әзірледі. Жоба Enactus Kazakhstan National Expo 2025 байқауында жеңіске жетіп, Бангкок қаласында өткен Enactus World Cup әлем чемпионатында әлемнің үздік 16 стартабының қатарына енді. Сонымен қатар AI SANA сыйлығының денсаулық сақтау саласындағы үздік жасанды интеллект жобасы атанып, Yandex Cloud грантын жеңіп алды және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында жасанды интеллект саласындағы ең перспективалы жобалардың бірі ретінде таныстырылды.

Ғылыми жетістіктердің биік белесін Сұлтан Қуат та айқындады. Ол – Есенов қорының ғылыми стипендиясының иегері, Cornell University университетінде неврология бағыты бойынша тағылымдамадан өткен жас зерттеуші. Оның ғылыми еңбектері әлемдегі ең беделді басылымдардың бірі – The Lancet Psychiatry және IEEE журналдарында жарияланды. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Студенттік ғылыми қоғамның төрағасы, Erasmus+ бағдарламасы бойынша академиялық ұтқырлыққа қатысушы, USMLE емтихандарын сәтті тапсырып, ECFMG сертификатын иеленген Сұлтанның жетістіктері бүгінгі дәрігердің тек білікті клиницист қана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі ғалым әрі зерттеуші бола алатынын дәлелдейді.

Ерсұлтан Қыдырбайдың есімі де университет тарихында ерекше орын алады. Студенттік ректор ретінде ол университеттің ең белсенді жастар ұйымдарының басын біріктіріп, ондаған ауқымды білім беру, ғылыми, мәдени және әлеуметтік жобалардың бастамашысына айналды. Astana Medical Forum, JAIDARMAN MUA, Book Fest, Birlik Fest, Social Impact Hackathon, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және басқа да көптеген бастамалар соңғы жылдардағы студенттік өмірдің жарқын бөлігіне айналды. Оның көшбасшылығы университет тарихында өзіндік із қалдырды.

Бұл – бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар мен табысқа толы жолдар. Бірі ғылымның биік белестерін бағындырса, бірі инновациялық стартаптарды дүниеге әкелді. Бірі Қазақстанның атынан халықаралық аренада ел мерейін асқақтатса, енді бірі өз көшбасшылығымен мыңдаған студентке шабыт сыйлады. Алайда олардың барлығын біріктіретін ортақ қасиет бар – олар 2026 жылғы түлектердің жарқын келбеті мен мақтанышына айналды.

Олар кәсіби білім жолындағы алғашқы үлкен белесті еңсерді. Бірақ университет тарихымен қоштасқан жоқ. Керісінше, олардың жетістіктері Астана медицина университетінің шежіресіне мәңгілікке жазылды. Ал алда әрқайсысын жаңа ғылыми жаңалықтар, құтқарылған мыңдаған өмірлер мен бағындырар жаңа асулар күтіп тұр.

2026 жылғы түлектер легінің тарихы өз мәресіне жетті. Ал олардың жұлдызды жолы енді ғана басталып келеді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика