Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астана медицина университетінің студенттерді қабылдауға дайындығымен танысты.
Министр университеттің оқу ғимараттарын, медициналық орталығын, анатомия кафедрасын, аудиторияларды аралап, болашақ дәрігерлердің теориялық және практикалық даярлығына жасалған жағдайларды бағалады.
Бүгінде Астана медицина университетінде 8,5 мыңнан астам студент білім алуда. Ал 2026 жылы университетке шамамен 1,5 мың жаңа білім алушыны қабылдау жоспарланып отыр. Университет дәрігерлерді, фармацевтерді, мейіргер ісі және қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандарын даярлайды. Сонымен қатар резидентура, магистратура және докторантура бағдарламаларын дамытып келеді.
Сонымен бірге университет алдында дамудың жаңа деңгейіне шығу міндеті тұр.
Бұл міндет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана медицина университетіне академик Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық университет мәртебесінің берілуіне байланысты ерекше маңызға ие болып отыр.
Жаңа мәртебе – ең алдымен жаңа жауапкершілік. Біз медициналық кадрларды даярлаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етіп, медицина ғылымын дамытуымыз және білім беру, клиникалық практика мен ғылыми зерттеулерді біртұтас жүйе ретінде ұштастыруға мүмкіндік беретін жағдай жасаумыз қажет.
Қазіргі таңда Астана медицина университетінің оқу ғимараттары мен жатақханалары қаланың әртүрлі бөліктерінде орналасқан және білім беру инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға толық көлемде сәйкес келе бермейді.
Сондықтан бірыңғай заманауи кампус салу – университетті одан әрі дамытудың қажетті шарты әрі оның негізгі стратегиялық жобаларының бірі.
Кездесу барысында жаңа кампустың тұжырымдамасы талқыланды. Ол бірыңғай университеттік орта қалыптастырып, 15 мыңға дейін студенттің білім алуына мүмкіндік береді.
Біртұтас кеңістікте білім беру және ғылыми инфрақұрылым, заманауи симуляциялық орталық, университеттік клиника, зерттеу орталықтары, спорт кешені және Студенттер үйі орналасуы көзделеді.
Қазіргі заманғы ұлттық медициналық университет дәл осындай болуы тиіс: мықты білім беру және ғылыми базасы, заманауи клиникалық практикасы және дамыған студенттік ортасы бар, әлемнің үздік медициналық университеттерінің деңгейіне сай келетін білім ордасы.