Астанада «Респираторлық медицинадағы интервенциялық технологиялар: өкпе тамырлары мен тыныс алу жолдарына жасалатын араласулар» атты халықаралық оқу курсы өтті. Іс-шара қазақстандық мамандар мен Гуанчжоу медициналық университетінің жетекші сарапшыларын бір алаңға біріктірді.
2026 жылғы 31 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Астана медицина университеті мен елорданың Көпбейінді фтизиопульмонология және ішкі аурулар орталығының базасында 40-тан астам маман заманауи интервенциялық пульмонологиядағы тәсілдермен танысып қана қоймай, күрделі клиникалық әдістерді практика жүзінде меңгеруге мүмкіндік алды.
Оқу курсы Қытай Халық Республикасының Гуанчжоу медициналық университетінің Бірінші аффилиирленген ауруханасының мамандарының қатысуымен, GMU Overseas Medical Training Center – Гуанчжоу медициналық университетінің Шетелдік медициналық білім беру орталығы қызметі аясында ұйымдастырылды.
Теориядан нақты клиникалық шешімдерге дейін
Курс бағдарламасы әр күн алдыңғы күннің мазмұнын толықтыратындай етіп құрылды: заманауи диагностика мен емдеу тәсілдерінен бастап интервенциялық технологияларды практикалық меңгеруге және күрделі клиникалық жағдайларды талдауға дейінгі бағыттарды қамтыды.
Курсқа пульмонологтар, торакальды хирургтар, эндоскопистер, ангиохирургтар, онкологтар, интервенциялық кардиологтар мен радиологтар, сондай-ақ Астана медицина университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлері қатысты.
Бағдарламаны Гуанчжоу медициналық университетінің Бірінші аффилиирленген ауруханасының жетекші мамандары – профессор Hong Cheng (Ченг Хонг), профессор Chen Yu (Чен Ю) және доктор Lin Jielong (Линь Цзелун) жүргізді.
Профессор Hong Cheng респираторлық интервенциялар бөлімін және өкпе тамырларындағы интервенциялық араласулар тобын басқарады. Ол Қазақстандағы GMU Overseas Medical Training Center директорының орынбасары.
Профессор Chen Yu интервенциялық пульмонология саласында маманданған, АҚШ-тағы Henry Ford Hospital ауруханасында кәсіби даярлықтан өткен және жыл сайын 2000-нан астам бронхоскопиялық процедура орындайды.
Доктор Lin Jielong – интервенциялық радиология, мультимодальды визуализация және робот көмегімен жасалатын интервенциялық араласулар саласындағы сарапшы.
Заманауи технологияларға арналған үш күн
Курстың алғашқы күні өкпе эмболиясы мен өкпе гипертензиясына арналды. Сарапшылар жоғары қауіп тобындағы өкпе артериясының тромбоэмболиясын интервенциялық емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырып, кеуде қуысы ағзаларының КТ мүмкіндіктерін, фиброзды медиастинитті анықтау ерекшеліктерін және созылмалы тромбоэмболиялық өкпе гипертензиясындағы тамырлық зақымдануларды анықтау мен оларды интервенциялық емдеу стратегияларын талқылады.
Екінші күн толығымен практикалық бағытта өтті. Қатысушылар жүректің оң жақ бөлімдерін катетеризациялау, өкпе артерияларына баллонды ангиопластика жасау, өкпе артериялары мен веналарына стенттер имплантациялау, сондай-ақ ықтимал асқынуларды басқару мәселелерін қарастырды.
Профессор Chen Yu бронхоскопиялық диагностиканың заманауи мүмкіндіктеріне арналған арнайы бөлім өткізді. Онда тыныс алу жолдарын стандартты зерттеуден бастап TBLB, EBUS-TBNA және навигациялық бронхоскопияға дейінгі әдістер қамтылды. Теориялық материал нақты клиникалық жағдайларды талдаумен толықтырылды.
Үшінші күн Көпбейінді фтизиопульмонология және ішкі аурулар орталығының базасында өтіп, тыныс алу жолдарының аурулары мен зақымдануларына арналды. Қатерсіз трахеобронхиалды стеноздарды интервенциялық емдеуге – баллонды дилатация, абляция, криотерапия және стенттеу әдістеріне, сондай-ақ орталық тыныс алу жолдарының қатерлі обструкциясы бар пациенттерді кешенді жүргізуге ерекше назар аударылды.
Hands-on: бірден тәжірибеде қолдануға болатын білім
Курстың негізгі ерекшеліктерінің бірі hands-on форматындағы практикалық сабақтар болды.
Шетелдік сарапшылардың жетекшілігімен қатысушылар заманауи симуляциялық жабдықта интервенциялық бронхоскопия әдістерін пысықтап, бір рет қолданылатын бронхоскоптардың мүмкіндіктерімен және эндобронхиалды араласуларға арналған заманауи құралдармен танысты.
Бұл формат теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастырып, заманауи клиникалық тәжірибеде сұранысқа ие әдістерді тікелей меңгеруге мүмкіндік берді.
Халықаралық ынтымақтастық – нақты пациент мысалында
Қытайлық делегацияның сапары аясындағы маңызды шаралардың бірі диагнозы күрделі пациентке арналған бірлескен клиникалық консилиум болды.
Қазақстандық мамандар мен Гуанчжоу медициналық университетінің сарапшылары клиникалық жағдайды бірлесіп қарастырып, диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін талдады, емдеу нұсқаларын талқылап, алдағы интервенциялық араласудың оңтайлы стратегиясын айқындады.
«Нақты пациент мысалында оқыту» форматы бағдарламаның ең маңызды бөліктерінің біріне айналды. Ол халықаралық сарапшылардың тәжірибесін елорданың клиникалық қызметінің мүмкіндіктерімен ұштастырып, кәсіби тәжірибе алмасудың нақты медициналық шешімдерге қалай айналатынын көрсетті.
Әсері жалғасатын білім
Курс соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Шетелдік сарапшыларға кәсіби және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін естелік сыйлықтар мен алғыс белгілері табысталды.
Курс барысында елорданың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Ашимханов және Астана медицина университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Абылай Шакенов қатысушылар және сарапшылармен кездесіп, оқу бағдарламасының барысымен танысты. Кездесу барысында одан әрі ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Халықаралық оқу курсын өткізу Астана медицина университеті, Гуанчжоу медициналық университеті, GMU Overseas Medical Training Center және елорданың клиникалық ұйымдары арасындағы серіктестікті дамытудың кезекті практикалық қадамы болды.
Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын, кәсіби тәжірибе алмасуды жалғастыруға және заманауи интервенциялық технологияларды практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мүдделі екенін растады.
Мұндай кездесулердің басты нәтижесі – тек жаңа білім мен сертификаттар ғана емес. Бұл халықаралық тәжірибе күнделікті клиникалық тәжірибенің бір бөлігіне айналатын, ал заманауи технологиялар медициналық көмектің сапасын арттырудың нақты құралы болатын кәсіби ортаны қалыптастыру.