Адамдарды үгіттеп тарту әрекетін қалай тануға болады? Неліктен медицина саласының білім алушылары есірткі қылмыскерлерінің ерекше назарына ілігуі мүмкін? Дропперлік қаншалықты қауіпті және қылмыстық схемаларға қатысудың қандай салдары бар?
Бұл мәселелер Астана медицина университетінде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өткен «Жарқын болашақ» қалалық профилактикалық форумында бірінші курс студенттерімен бірге талқыланды.
Форум спикерлерінің бірі ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бахытжан Амирханов болды. Ол медицина жоғары оқу орындарының білім алушылары химия және дәрілік заттармен жұмыс істеу саласындағы білімдеріне байланысты есірткі қылмыскерлерінің ерекше назарына ілігуі мүмкін екенін атап өтті.
Құқық қорғау органдарының өкілдері жастардың есірткінің заңсыз айналымына қалай тартылатыны, соның ішінде «жеңіл ақша табу» немесе «жұмыс» ұсынысы арқылы жасырын есірткі қойып кетушілердің, яғни «закладчиктердің», қатарына қалай тартылатыны туралы айтып берді. Мұндай шешімдердің нақты тәуекелдері мен заң алдындағы салдары түсіндірілді.
Бүгінде қауіпсіздік тек көшедегі қауіп-қатермен шектелмейді. Сондықтан форум барысында дропперлік, интернет-алаяқтық, заңсыз қаржылық операциялар мен цифрлық қауіптер, сондай-ақ буллинг, кибербуллинг, сталкинг, қорқыту және қудалау мәселелері де көтерілді.
«Жарқын болашақ» – бұл тек құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы әңгіме емес. Бұл жеке жауапкершілік, қауіпті дер кезінде тани білу және өз болашағың үшін дұрыс таңдау жасау туралы маңызды әңгіме.