5 қыркүйек күні Астана медицина университетінде бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдауға арналған жарқын кеш – Welcome Балмұздақ өтті. Іс-шараға бірінші курс студенттері, студенттік белсенділер және университет қауымдастығының өкілдері қатысты.
Университеттегі алғашқы әсердің орны бөлек. Жаңа аудиториялар, бейтаныс жүздер, алғашқы таныстықтар және үлкен жолдың басталғанын сезіну – мұның бәрі студенттік өмірдің алғашқы күндерін ерекше етеді. Іс-шараны ұйымдастырған Студенттік ректорат АстМУ-ның Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің сүйемелдеуімен бірінші курс студенттерінің университет қабырғасындағы алғашқы қадамын дәл осындай – жылы, серпінді әрі жарқын эмоцияларға толы етіп өткізуді ұсынды.
Мерекелік бағдарлама бірінші курс студенттерін студенттік белсенділер қарсы алған Welcome Zone алаңынан басталды. Фотозона, музыка, жүргізушімен интерактивтер және еркін форматтағы қарым-қатынас жастардың бір-бірімен танысып, университеттің үлкен отбасының бір бөлігі екенін сезінуіне мүмкіндік берді.
Іс-шараның ресми бөлімін Астана медицина университетінің ректоры Анар Ақылбекқызы Тұрмұхамбетова ашты. Жаңа студенттерге құттықтау сөзін сондай-ақ студенттік ректор Нафиса Сайдақбарова арнады.
Кештің ерекше атмосферасын MHR ұжымының өнер көрсетуі толықтырды. Би қойылымдары, көрермендермен интерактив және барлық қатысушылар қайталаған финалдық би қимылдары көрермендерді аз уақыт ішінде мерекенің белсенді қатысушыларына айналдырды.
Кештің ең символикалық сәттерінің бірі – бірінші курс студенттеріне арнайы ұйымдастырылған Welcome Bonus болды. Оларға балмұздақ ұсынылып, ортақ суретке түсу ұйымдастырылды. Сонымен қатар студенттерге қарапайым болғанымен, маңызды сұрақтарға жауап беру ұсынылды: университетке алғаш рет келгендер кімдер, Астанаға басқа қаладан келгендер қанша және жаңа достар тауып үлгергендер бар ма?
Одан әрі нағыз студенттік бәсеке басталды. Welcome Games аясында қатысушылар «Әуенді тап» және «Әнді жалғастыр» байқауларында музыкалық білімдерін сынады, Dance Battle кезінде би шеберліктерін көрсетті және университеттік AMU Quiz интеллектуалдық сайысында бақ сынады. Викторина сұрақтары университет тарихы мен тыныс-тіршілігіне, сондай-ақ медициналық білімнің базалық негіздеріне арналды.
Кештің басты байқауы – Welcome Cup болды. Командалар музыкалық, интеллектуалдық және би кезеңдерінде өзара сайысқа түсті. Ал финалда бірнеше секунд ішінде команда атауын, ұранын ойлап тауып, өздерін көрермендерге таныстыруы керек болды. Жеңімпаздарға университеттің басты имидждік жүлдесі табысталды.
Ресми бөлімнің қорытынды нүктесін ортақ флешмоб қойды. Алдымен қимылдарды MHR қатысушылары көрсетіп, кейін оларға залдағы барлық студенттер қосылды. Осылайша бірнеше минут ішінде жүздеген қатысушы біртұтас биге бірігіп, мерекені ортақ фотосуретпен және әлеуметтік желілерге арналған бейнетүсіріліммен аяқтады.
Алайда кеш мұнымен аяқталған жоқ. Студенттер үшін Welcome Disco ұйымдастырылып, онда танымал қазақстандық және шетелдік хиттер, K-pop, TikTok әуендері мен ретро музыка шырқалды. Би баттлдары, музыкалық челлендждер, түрлі байқаулар мен шағын ұтыс ойындары мерекелік көңіл-күйді одан әрі жалғастырды.
Welcome Балмұздақ кеші жай ғана студенттер қатарына қабылдау рәсімі болған жоқ. Бұл бірінші курс студенттері үшін жаңа университеттік ортаға алғашқы қадам жасауға, бір-бірімен танысуға, достар табуға, командалық рухты сезінуге және студенттік тарихын жарқын эмоциялармен бастауға мүмкіндік берген ерекше кеш болды.
Алда АстМУ жаңа студенттерін бірнеше жылдық білім алу кезеңі, алғашқы емтихандар, ғылыми жаңалықтар, тәжірибелік сабақтар, кәсіби жетістіктер мен көптеген маңызды оқиғалар күтуде. Ал мұның бәрі дәл осындай сәттерден – алғашқы кездесуден, алғашқы ортақ фотосуреттен және «Енді бұл – менің де университетім» деген сезімнен басталады.