Жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы минуттарында қалай әрекет ету керек, қауіпті жағдайларды қалай дер кезінде анықтауға және диагностикада заманауи тәсілдерді қалай таңдауға болады? Осы және басқа да өзекті мәселелер Астана медицина университетінде Бұхарадан келген профессорлардың қатысуымен өткен білім беру бағдарламасы аясында талқыланды.
10–17 қыркүйек аралығында Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бұхара мемлекеттік медицина институтының профессорлары Наврузова Шакар Истамовна мен Мухамедова Шахноза Толибовнаның сапары өтті. Кездесу халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оған оқытушылар, жоғары курс студенттері, интерндер, резиденттер, магистранттар және жалпы практика дәрігерлерінен тұратын 60-тан астам қатысушы қамтылды.
Бір апта бойы шетелдік мамандар педиатрия мен неонатологияның өзекті мәселелеріне арналған дәрістер, семинарлар және практикалық шеберлік сабақтарын өткізді. Негізгі назар жаңа туған нәрестелердегі патологиялар мен шекаралық жағдайларға, орталық жүйке жүйесінің босану кезіндегі жарақаттарына, респираторлық инфекцияларға, ерте жастағы балалардың тамақтануына, аллергиялық ауруларға және ревматизмдік емес кардиттерге аударылды.
Неонаталдық көмек мәселесіне ерекше мән берілді. Профессор Наврузова Ш.И. шұғыл көмек көрсету кезіндегі іс-қимыл алгоритмдеріне арналған «Асфиксия және жаңа туған нәрестелерді бастапқы реанимациялау» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар ол Астана медицина университетінің Балалар аурулары №3 кафедрасының 25 жылдығына арналған «Педиатрия бүгін: стандарттарды қайта қарау және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық қатысумен өткен XXI ғылыми-практикалық конференцияда «Респираторлық микоплазмоз және атопия: диагностикадағы жаңа көзқарастар» тақырыбында баяндама жасады.
Білім беру бағдарламасы кәсіби жолының әртүрлі кезеңіндегі мамандардың басын қосты. Студенттер мен резиденттер шетелдік сарапшылармен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алса, оқытушылар мен тәжірибелі дәрігерлер клиникалық тәсілдер мен өзекті ғылыми мәселелерді талқылады.
Бұхара мемлекеттік медицина институты профессорларының сапары халықаралық академиялық ұтқырлықты және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі болды. Сапар педиатрия және неонатология саласындағы білім беру мен ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.