20–25 қыркүйек аралығында АстМУ Үрімші қаласындағы Синьцзян медицина университетінің 4-5 курсында білім алатын 11 студентін қабылдауда. Астанадағы бір апталық бағдарлама мазмұнды әрі қарқынды өтіп жатыр. Болашақ мамандар алғашқы күннен бастап оқу үдерісіне белсенді араласып, университеттің клиникалық базасында өтетін практикалық сабақтарға қатысуда. Сонымен қатар медициналық оңалтудың заманауи тәсілдерімен танысуда.
АстМУ-ның реабилитология және спорттық медицина кафедрасының оқытушылары кәсіби білімдерімен бөлісіп, осы сала мамандарын даярлау үдерісінің қалай ұйымдастырылғанын көрсетуде.
«Астана медицина университеті оңалту саласында мамандар даярлайтын жетекші университеттердің бірі. Біз үшін кәсіби тәжірибемен бөлісіп қана қоймай, халықаралық деңгейде еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру маңызды», - дейді кафедра меңгерушісі Наталья Сливкина.
Халықаралық академиялық ұтқырлық - бұл тек білім алу мүмкіндігі емес. Бұл мамандыққа жаңа қырынан қарауға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Қытайдың медициналық университеттері арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.