2026 жылғы 18–19 қыркүйекте Астанада «Болашақтың зертханалық медицинасы: интеграция, интеллект, инновациялар» тақырыбындағы VIII Ұлттық зертханалық медицина форумы - NATFORLAB 2026 өтті.

Форумды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының және Медициналық университет Астананың қолдауымен «Зертханалық медицина федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың, ғылыми және академиялық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ Қазақстаннан және шетелден келген зертханалық медицина мамандары қатысты. Екі күн ішінде іс-шара 11 елден келген 48 спикерді қоса алғанда, 1500-ден астам қатысушының басын қосты.

Биыл NATFORLAB 2026 бағдарламасына шетелдік сарапшылардың айтарлықтай көптеп қатысуы ерекше назар аудартты. Олар зертханалық медицинаның ең өзекті бағыттары бойынша баяндамалар ұсынып, отандық және шетелдік спикерлердің инновациялық әрі мазмұнды баяндамалары Қазақстанның барлық өңірлерінен келген мамандар мен ғалымдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл кәсіби пікір алмасу мен тәжірибе бөлісуге жаңа серпін берді.

NATFORLAB 2026 аясындағы маңызды оқиғалардың бірі - АстМУ Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Марат Өтеуұлы Дусмағамбетовті Қазақстан Республикасының зертханалық медицинасының дамуына қосқан үлесі үшін «Зертханалық медицинаны дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттау болды.

Университетіміздің медициналық-биологиялық факультетінің деканы қызметін атқарған Марат Өтеуұлы зертханалық медицина саласында 450-ден астам маман - дәрігер-биохимиктер мен дәрігер-микробиологтарды даярлап шығарды. Бүгінде оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, жақын шетелдерде де еңбек етіп жүр. Олардың көпшілігі зертханаларды басқарады, ғылыми-зерттеу институттарында жетекші ғылыми қызметкерлер ретінде қызмет атқарады.

Бұл марапат зертханалық медицина саласындағы кадрлық әлеуетті сақтауға және дамытуға қосқан үлесін, кәсіби зертханалық қоғамдастықтың қызметіне көп жылдар бойы белсенді қатысуын, сондай-ақ зертханалық қызметті дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауын мойындаудың көрінісі болды.

Сонымен қатар АстМУ Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары біліктілік санатындағы дәрігер-бактериолог, «Зертханалық медицина федерациясы» ҚБ Клиникалық микробиология комитетінің төрайымы Айгүл Мұқатқызы Дусмағамбетова кәсіби белсенділігі мен клиникалық микробиологияны дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Форумның ғылыми бағдарламасы 8 тақырыптық симпозиумды, 4 стратегиялық тректі, 3 интерактивті сессияны, 1 Workshop және 6 практикалық сессияны қамтыды. Қатысушылар заманауи диагностикалық технологияларды, зертханалық медицинаны цифрландыру мәселелерін, жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін, зертханалық зерттеулердің сапасын қамтамасыз етуді және дербестендірілген диагностиканы дамыту мәселелерін талқылады.

Ұлттық зертханалық жүйені жетілдіруге, диагностикалық процестерді стандарттауға, сапаны бақылауда тәуекелге бағдарланған тәсілдерді дамытуға, сондай-ақ мамандардың кәсіби және цифрлық құзыреттерін арттыруға ерекше назар аударылды.

Форум аясында зертханалық жабдықтар, шығыс материалдары және ақпараттық технологиялар өндірушілері мен жеткізушілері - Қазақстандық және шетелдік 29 компания қатысқан мамандандырылған көрме ұйымдастырылды.

Медициналық университет Астананың NATFORLAB 2026 жұмысына қатысуы медициналық білім беру, ғылым және практикалық денсаулық сақтау арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ заманауи зертханалық медицина саласындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика