Астана медицина университетінде Қазақстанның эндаумент-қорлары, жоғары білім беру саласы және басқарушы компаниялар өкілдерінің VI кездесуі өтті. Кездесудің басты тақырыбы нысаналы капиталдарды дамыту және білім мен ғылымды ұзақ мерзімді қолдау үшін исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалану болды.
Қатысушылар исламдық қаржыландыруды эндаумент-қорлардың қызметіне енгізу мәселелерін талқылады: қандай қағидаттарды ескеру қажет, Қазақстанның қаржы нарығында қандай құралдар қолжетімді және оларды нысаналы капитал қаражатын инвестициялау кезінде қалай қолдануға болады. Жауапты инвестициялаудың ұлттық қайырымдылық дәстүрі — «Еншімен» байланысына ерекше назар аударылды.
Жауапты инвестициялаудың халықаралық тәжірибесін Ресейдің Ұлттық эндаументтер қауымдастығы басқармасының төрайымы Светлана Лаврова таныстырды. Қазақстанның эндаумент-қорлары қауымдастығы басқармасының төрағасы Фархад Куанганов қазақстандық нысаналы капиталдардың дамуы және ұлттық қайырымдылық дәстүрлерін заманауи қаржылық тәсілдермен ұштастыру мүмкіндіктері туралы баяндады.
Кездесудің жеке бөлімі исламдық қаржыға арналды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөліміндегі Исламдық қаржы секторының меңгерушісі Нуржан Стамбакиев оның негізгі қағидаттарын түсіндірді. Қазақстанның Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрайымы, Астана халықаралық қаржы орталығының Исламдық қаржы бөлімінің басшысы Мадина Тукулова Орталық Азияда осы бағытты дамыту перспективаларын таныстырды.
Кездесудің екінші бөлігінде қатысушылар эндаументтердің қызметіне қатысты құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерге көшті. «Ғылым және білім эндаумент-қоры» қорының директоры Тимур Макенов заңнамадағы өзекті және жоспарланған өзгерістер туралы, ал Standard басқарушы компаниясының басқарушы директоры Санжар Сеиткасимов нысаналы капитал қорларының активтерін мамандандырылған пайлық инвестициялық қорларға инвестициялау мүмкіндіктері туралы баяндады.
Кездесуде эндаументтерге исламдық қаржыландыруды тарту мүмкіндіктері және оны қолданудың практикалық шарттары — инвестициялық құралдарды таңдаудан бастап құқықтық талаптарға дейін — талқыланды. Университет қорлары үшін бұл бағыт білім беру мен ғылыми зерттеулерді қолдауға арналған тұрақты қаржылық негіз қалыптастырудың қосымша мүмкіндігі ретінде қызығушылық тудырады.