2026 жылғы 14–16 қазан аралығында Басқарма төрағасы – Ректор Турмухамбетова Анар Акылбековна Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің атынан Литва Республикасының Вильнюс қаласында өткен Magna Charta Universitatum 2026 халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шара университет үшін екі маңызды оқиғамен ерекшеленді: Университеттердің Ұлы хартиясына (Magna Charta Universitatum 2020) қол қою және Mykolas Romeris University университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою.
Конференция «Тұрақтылық шегінен тыс: өзгермелі әлемдегі құндылықтарға бағдарланған белсенді күш ретіндегі университеттер» тақырыбында өтіп, халықаралық академиялық қоғамдастық өкілдерін жаһандық өзгерістер жағдайындағы университеттердің рөлін талқылау үшін біріктірді. Қатысушылар академиялық еркіндік, институционалдық автономия, университеттердің қоғам алдындағы жауапкершілігі және академиялық құндылықтарға адалдық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі – Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің атынан Magna Charta Universitatum 2020 құжатына қол қою болды. Хартияға қосылу университеттің академиялық еркіндік, институционалдық автономия және жоғары білімнің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты негізгі қағидаттарға адалдығын білдіреді.
Сапардың тағы бір маңызды нәтижесі – Литваның Mykolas Romeris University университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат серіктестік қатынастарды одан әрі дамытуға, халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.
Magna Charta Universitatum 2026 конференциясына қатысу Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің халықаралық аренадағы орнын нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Халықаралық құжаттарға қол қою университеттің шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға, жалпыға ортақ академиялық құндылықтарды ұстануға және халықаралық өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейтуге ұмтылысын көрсетеді.