Ойынға тәуелділіктің белгілері, заманауи темекі өнімдерінің зияны және алкогольдің психикалық денсаулыққа әсері. Осы мәселелер Сервис және туризм колледжінің бірінші және екінші курс студенттерімен өткен конференцияда талқыланды.
Кездесуді Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің психиатрия және наркология кафедрасы № 3 қалалық емханамен және Қалалық психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара 25 қазанда атап өтілетін Ұлттық алкогольден бас тарту күніне орай өткізілді.
Кездесуді кафедра ассистенттері Тоқтар Қойшыбеков пен Әсел Қайсарбекова ашты. Одан кейін болашақ дәрігерлер сөз алды. Резидент Ақниет Қуанышбай ойынға тәуелділік туралы баяндады. Ал стоматология факультетінің 417-топ студенттері Ержан Шермұхамбет пен Алтынай Ахметқалиева темекіге тәуелділіктің заманауи түрлері мен алкогольге тәуелділік туралы айтып берді.
Баяндамалар пікір алмасуға ұласты: студенттер сұрақтарын қойып, спикерлерден жауап алды. Мұндай ашық әңгіме тәуелділіктің қауіптерін жақсырақ түсінуге және өз денсаулығына мұқият қарауға көмектеседі.
Кездесу соңында баяндамашыларға профилактикалық жұмысқа қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.