Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінде «Тұлға. Дәуір. Қоғам» жобасы басталады. Бұл — ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, мәдениет пен өнер өкілдерімен кездесіп, олардың кәсіби жолы, өмірлік тәжірибесі және өздері қатысқан оқиғалар туралы әңгімелесу мүмкіндігі. Кездесулер ашық диалог форматында өтеді: тыңдаушылар сұрақ қойып, өз пікірлерімен бөлісе алады.
Жобаның алғашқы қонағы — белгілі қазақстандық тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы Әбіл. Ол «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тарихы: мәселелер, жетістіктер мен үрдістер» тақырыбында дәріс оқиды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтетін жылы жобаның алғашқы бағыттарының бірі еліміздің қалыптасуы мен даму тарихына арналады. Алғашқы дәрісте профессор Еркін Әбіл осы жолдың негізгі кезеңдері, маңызды өзгерістер, жетістіктер мен қиындықтар, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі дамуын айқындайтын үрдістер туралы әңгімелейді.
Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасы оқытушыларды, студенттерді, магистранттарды, резиденттерді, интерндерді және барлық ниет білдірушілерді кездесуге шақырады.
Күні мен уақыты: 2026 жылғы 6 қараша, сағат 11:30.
Өтетін орны: Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің акт залы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 51.