Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінде студенттерді, ғылыми зерттеулерді және университет жобаларын қолдауға арналған эндаумент-қор құрылды. Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Алмаз Шарманов сайланды.
Эндаумент университетке ұзақ мерзімді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қайырымдылық жарналары есебінен нысаналы капитал қалыптастырылып, инвестицияланады, ал оны басқарудан түскен кіріс білім беру және ғылыми бастамаларға бағытталады. Мұндай үлгі университеттерге қолдау шараларын бірнеше жылға алдын ала жоспарлауға көмектеседі.
Қор қаражатын дарынды студенттерді және материалдық қиындықтарға тап болған білім алушыларды қолдауға, ғылыми гранттарға және университет жобаларын дамытуға бағыттау жоспарланып отыр.
Қамқоршылық кеңесінің құрамына кәсіпкерлер, меценаттар және денсаулық сақтау саласының өкілдері кірді:
-
Ерлан Сулейменов — KDL Olymp компаниясының негізін қалаушы және бас директоры;
-
Анар Рахимбаева — кәсіпкер, меценат, Ana Üyi қорының тең құрылтайшысы, Қазақстандағы ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің тең төрағасы;
-
Аслан Калигазин — «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары;
-
Алмат Жумабаев — Orhun Medical компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры;
-
Ержан Нурлыбаев — дәрігер және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі;
-
Асет Ахметов — ViaMedis клиникалар желісінің негізін қалаушы және бас директоры.