14 қарашада Астана қаласының № 2 қалалық балалар ауруханасында Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне арналған концерт өтті. Оның басты қатысушылары 1-типті қант диабеті бар балалар болды. Олармен бірге Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің бірінші курс студенттері де сахнаға шықты.
Балалар мен студенттер шығармашылық нөмірлер дайындап, сахнаға шығар алдында бір-біріне қолдау көрсетті, көрермендердің қошеметіне бірге бөленді. Концерттен кейін балаларға сыйлықтар табысталып, мерекеге қатысушылар жылы әңгімелесті.
Кездесуді өткізуге № 1 балалар аурулары кафедрасының оқытушысы, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар эндокринологы Г. К. Абдуахасова бастамашы болды. Концертті ұйымдастыруға № 1 балалар аурулары кафедрасы мен жалпы және биологиялық химия кафедрасының қызметкерлері, сондай-ақ университет студенттері атсалысты.
Бірінші курс студенттері үшін бұл мереке балалармен және олардың ата-аналарымен танысып, оларды тыңдап, қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Ал балалар көрермендер алдында өнер көрсетіп, таланттарын танытып, жаңа достар тапты.
«Қаншама әсер алдық, күлкі мен сыйлыққа кенелдік. Ең бастысы — балалар бақытты», — деп ата-аналар концерттен кейін өз әсерлерімен бөлісті.
Іс-шараға К. М. Хамчиев басқаратын университеттің жергілікті кәсіптік одағы және Р. К. Байканова төрағалық ететін «Университеттің денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі материалдық қолдау көрсетті.