Жеті елдің ғалымдары, дәрігерлері мен зертхана мамандары Астанада өткен «Антимикробтық резистенттілік – денсаулық сақтау саласындағы сын-қатерлер» атты V халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бас қосты.
Кәсіби пікір алмасуға Қазақстан, Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, АҚШ және Өзбекстан сарапшылары қатысты. Мамандар қазіргі медицинаның ең күрделі мәселелерінің бірі — микроорганизмдердің дәрілік препараттарға төзімділігіне назар аударды. Олар инфекция қоздырғыштарын жылдам әрі дәл анықтау, олардың төзімділігін бақылау және тиімді ем тағайындау жолдарын талқылады.
Конференцияны Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің Ш. И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен, Зертханалық медицина федерациясымен және Еуразиялық фармакотерапия қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушыларға университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, профессор Зарина Тоқтамысқызы Шульгау; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық зертханалық диагностика жөніндегі штаттан тыс бас маманы, Зертханалық медицина федерациясының президенті Жанар Нұрланқызы Сүлейменова; Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық микробиология жөніндегі штаттан тыс бас маманы, профессор Татьяна Валерьевна Припутневич құттықтау сөз арнады.
Пленарлық отырыс медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ЖҒА академигі Ш. И. Сарбасованың рухына арналды. Отырысты профессорлар Марат Өтеуұлы Дусмағамбетов пен Софья Николаевна Хостелиди жүргізді.
Марат Дусмағамбетов туберкулезбен ауыратын науқастарда микоздың қандай қоздырғыштары жиі кездесетінін және олардың зеңге қарсы препараттарға сезімталдығын таныстырды. Басқа сарапшылар адам ішегінің бірнеше дәрілік препаратқа төзімді Escherichia coli бактериясының резервуарына айналу себептерін түсіндірді. Сонымен қатар әр елде қауіпті микроорганизмдердің таралуы қалай бақыланатынын және зеңдік инфекцияларды анықтау мен емдеуде қандай әдістер қолданылатынын баяндады.
Халықаралық тәжірибеге бағдарламада ерекше орын берілді. Армения өкілдері елдегі антимикробтық резистенттілікті бақылау жүйесі туралы айтты. Ресейлік мамандар микроорганизмдердің роботтандырылған биобанкінің жұмысымен таныстырса, грузиялық сарапшылар сепсисті зертханалық диагностикалау тәсілдерімен бөлісті.
Жекелеген баяндамалар COVID-19 жұқтырған науқастардағы бактериялық инфекцияларға, денесінің көп бөлігін күйік шалған адамдарда кездесетін ESKAPE тобының бактерияларына және бала өмірінің алғашқы жылдарындағы ішек резистомының қалыптасуына арналды.
Практикалық бөлімді Ш. И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының меңгерушісі Айгүл Мұқатқызы Дусмағамбетова жалғастырды. Ол микроорганизмдердің микробқа қарсы препараттарға сезімталдығын бағалау кезінде EUCAST критерийлерін қалай қолдану керектігін көрсетті.
Қатысушылар көпбейінді ауруханалар, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері мен ортопедиялық хирургия тәжірибесі негізінде зертханалық деректердің бастапқы бактерияға қарсы емді таңдауға қалай көмектесетінін талдады. Белгілі бір ауруханада қандай қоздырғыштардың жиі кездесетінін және олардың қай препараттарға төзімді екенін білу дәрігерге емді дәлірек таңдауға мүмкіндік береді.
Екінші күні профессор Софья Хостелиди мен профессор Марат Дусмағамбетов зеңдік инфекцияларды диагностикалау және емдеу бойынша шеберлік сабағын өткізді. Олар қатысушылармен бірге заманауи диагностикалық алгоритмдер мен микробиологиялық зерттеулердің ақпараттық құндылығын арттыру жолдарын талдады. Антибиотиктерді негізсіз тағайындаудың алдын алуға ерекше назар аударылды.
Конференция күндері Ш. И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың клиникалық микробиология жөніндегі жаңадан тағайындалған штаттан тыс бас мамандарының алғашқы жұмыс кеңесі өтті.
Өңірлік мамандар микробиологиялық қызметтердің жұмысын, зертханалық диагностиканың бірыңғай тәсілдерін және Қазақстандағы антимикробтық резистенттілікті бақылауды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.