Ректордың медицина қызметкерлері күнімен құттықтауы

Ректордың медицина қызметкерлері күнімен құттықтауы

Құрметті әріптестер, ардагерлер, студенттер!

 

Сіздерді кәсіби мерекеміз - медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Бұл күн - барлық медицина қызметкерлерінің және осы сала оқытушыларының еңбегін құрметтеу күні.

Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын нығайту, бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін құру және сапалы медициналық кадрлар даярлау мәселесін бірінші кезектегі міндет ретінде айқындады.

Біздің бірлескен жұмысымыздың жемісі - жаңа Қазақстанды құруға қосып жатқан үлесіміз және денсаулық сақтау саласында болып жатқан оң стратегиялық өзгерістер.

Науқастың денсаулығы мен әл-ауқаты біздің студенттік кезден бастап, үздіксіз білім алу арқылы қол жеткізетін жоғары жауапкершілік пен тынымсыз еңбегіміздің нәтижесіне тікелей байланысты.

Терең білім мен тәжірибемен бірге біз студенттер бойына адамгершілік, жанқиярлық, жоғары жауапкершілік пен гуманизм сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге тырысамыз. Себебі осы қасиеттер дәрігер маманын қоғамда бедел мен құрметке ие етеді.

Біздің дәрігерлер мен түлектеріміз – денсаулық сақтау саласының үздіктері, көпшілігі медицина мекемелерін басқарады және елімізден тыс жерлерде де танымал мамандар.

Біздің ғалымдардың еңбектері мен клиникалық зерттеулері практикалық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, ауруларды анықтау мен емдеу әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Осы тұста ардагерлерімізге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз біз үшін маңызды.

Мереке қарсаңында біз университеттің қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамына қошамет-құрмет көрсеттік. Әріптестеріміздің жұмысы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да жоғары бағаланды. Оларға "Еңбек ардагері", "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" және "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін"жоғары марапаттары табыс етілді.

Бүгін "Дені сау ұлт" ұлттық медициналық саммиті аясында біздің үш оқытушымыз медицина қызметкерлері күніне орай "Құрмет" орденімен марапатталды.

Біз әрқашан өз кадрларымызды мақтан тұтамыз, ел игілігі үшін алда талай істер күтіп тұрғанына сенімдімін.

Құрметті әріптестер, ардагерлер мен студенттер! Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекемен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, бақыт пен береке тілеймін!


Ізгі ниетпен,

Камалжан Надыров

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика