Мен, патологиялық анатомия кафедрасының ассистенті М.С. Шайкенова, 20.11. - 26.11.22ж. бойынша академиялық ұтқырлық шеңберінде Зальцбург қаласында (Австрия) "Патология" мамандығы бойынша «Cleveland Clinic» және «Medical University of Vienn» ынтымақтастықта "Open Medical Institute" (OMI) ұйымдастырған семинарға қатыстым.
Семинар барысында әйелдер мен ерлердің жыныс ағзалары, қалқанша безінің, бүйректердің, бас пен мойынның, гепатобилиарлық жүйенің, сүт безінің онкологиялық және онкологиялық емес аурулары жөнінде; сонамен қатар перинаталдық патология бойынша және т.б. аурулар туралы дәрістер тыңдалды. Морфологиялық диагностиканың өзекті мәселелері және патологоанатом дәрігерінің жұмысында қосымша әдістерді қолдану, мамандықтың қазіргі заманғы тәсілдері мен даму тенденциялары талқыланды.
Семинарға қатысушыларының ерекше клиникалық жағдайлар бойынша қызықты баяндамаларының тұсаукесерлері болды. Өз басым, семинарда «Жатыр мойыншасының нейроэндокриндік ісігі» тақырыбында баяндама жасадым. Баяндамам бойынша семинарға қатысушылар мен дәріскерлер арасында талқылау жүргізілді.
Бұл семинарға қатысу маған клиникалық және ғылыми тәжірибемде қолдануға болатын көптеген жаңа білім мен дағдыларды алуға, кәсіби деңгейімді арттыруға, сондай-ақ алған тәжірибемді әріптестеріммен бөлісуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, бұл әр түрлі елдердегі әріптестеріммен кәсіби байланыс орнатудың ерекше мүмкіндігі болды және одан әрі дамуға үлкен мотивация мен шабыт болды.
Дәріс материалдары мен семинардың аналитикалық материалы патологиялық анатомия кафедрасының оқу процесіне енгізіледі.
«АМУ» КеАҚ әкімшілігіне, кафедра басшылығына және әріптестеріме осы семинарға қатысуымды қолдағаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.