«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Астана медицина университетінің түлектеріне диплом табыстау салтанатты шарасы өтті. Мыңнан астам жас маман көптен күткен дипломдарын алды.
«Бүгінгі күн - бұл Астана медицина университеті мен студенттердің ата-аналарының мерекесі ғана емес, бұл бүкіл жоғары білім беру жүйесінің салтанаты. Денсаулық сақтау саласы ұлт денсаулығы үшін өзінің креативті және заманауи тәсілін енгізе алатын жаңа жас кадрлармен толықтырылуда. Университеттің табысты дамуы еліміздің адами капиталының өсуіне одан әрі ықпал ететініне және отандық денсаулық сақтауды қазіргі заманның барлық сын - тегеуріндеріне қарсы тұру үшін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін» - деген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың құттықтау сөзін медициналық жоғарғы оқу орны түлектерінің алдында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник оқып берді.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Т.Сұлтанғазиев өзінің құттықтау сөзінде Президент пен денсаулық сақтау саласындағы Үкіметтің белсенді қолдауын атап өтті. «Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық бағдарламаларды белсенді іске асыру саланың инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартуға, амбулаториялық және стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерді қайта жарақтандыруға, денсаулық сақтауды ақпараттандыруға бастамашылық жасауға, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға мүмкіндік берді», - деп атап өтті ол өз сөзінде.
«Диплом табыстау рәсімі университет үшін ғана емес, еліміз үшін маңызды шара деп атап өтті. Диплом - бұл табыстың кепілі емес екенін ұмытпаңдар. Сіздерге күнделікті шынайы өмірде өз істеріңіздің кәсіби шебері екендеріңіізді дәлелдеуге тура келеді. Алда мамандықтың күрделі сынақтары күтіп тұр, өздеріңіз киетін ақ халаттың ақтығын мен ар-намыстың тазалығын сақтау маңызды!» - де атап өтті салтанатты шараның ашылуында сөйлеген сөзінде Басқарма Төрағасы – Ректор Камалжан Надыров.
Сондай-ақ, салтанатты шарада түлектер өз тарапынан білім алған, түлеп ұшқан ұялары - университеттеріне деген ыстық ықыластары мен алғыстарын білдірді.
Мерекенің ең маңызды, әрі қызықты бөлігі түлектердің Дәрігер антын қабылдауы болды.
1964 жылдан бастап Астана медицина университетінің қабырғасынан 28 мыңнан астам жас дәрігер оқып, бітіріп шықты.
Бүгінде олардың көпшілігі Қазақстанда да, елден тыс жерлерде де танымал мамандар.
Мерекелік шара барысында театр ұжымы атына да біршама жылы лебіздер айтылды. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры осымен екінші жыл қатарынан түлектерге диплом табыстау рәсімін өткізіп отыр. Шараға қатысушылар мен қонақтар театрдың шығармашылық ұжымы ұсынған концерттік бағдарламаның куәгері болды. Театр басшылығының айтуы бойынша бүгінгі концерттік бағдарлама «Астана Опера» ұжымының барлық медицина қызметкерлеріне көрсеткен құрметінің белгісі.
Мереке жүректен шыққан ыстық ықыластар мен қуанышты тілектерге толы болды.
Салтанаты кеш фотосессиямен және конфедераткаларды аспанға лақырумен аяқталды.