Радиобиология және радиациялық қорғау институтының қызметкерлері 2023 жылы 04 қыркүйектен 09 қыркүйекке дейін АЭХА-нің "Иондаушы сәулеленуді медициналық пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жақсарту үшін референттік зертханасы бар ұлттық оқу орталығын құру" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Литва Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Радиациядан қорғау орталығында, Вильнюс университетінің «Santaros Klinikos» ауруханасында, сондай-ақ Каунас технологиялық университетінің математика және жаратылыстану факультетінде болды.
Литвалық әріптестермен кездесу барысында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, медициналық персонал мен пациенттерді радиациялық қорғау мен дозиметриясын оңтайландыру мәселелері; радиациялық диагностика мен ядролық медицинадағы сапаны бақылаудың негізгі принциптері; магистратурада және докторантурада медициналық физиктерді даярлау; радиациялық қауіпсіздік саласында медициналық персоналдың, медициналық физиктердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Медицинада радиациялық қорғау саласындағы халықаралық тәжірибені пайдалану медициналық персоналдың, медициналық физиктердің біліктілігін арттыру курстарын АЭХА талаптарына сәйкес жетілдіруге, сәулелік диагностика мен ядролық медицинадағы сапаны бақылауға, сондай-ақ дозаларды тіркеу және пациенттерге әсер етудің ұлттық референттік диагностикалық деңгейін белгілеуге қатысты ҚР радиациялық қауіпсіздік жөніндегі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстарды дайындауға мүмкіндік береді.