2023 жылдың 17 қарашасында «Астана медицина университеті» КеАҚ, Ш.И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасында «Микробтар әлемі» олимпиадасы өтті.
Олимпиаданы ұйымдастырушылар: кафедра профессоры, м.ғ.к. Асемова Гүлжан Даңқыбекқызы және аға оқытушы, магистр Сәрсенова Әйкерім Григорий-Абатқызы.
Әділқазылар алқасы: «Педиатрия» мектебінің деканы, м.ғ.к. Карибжанов А.А., филология пәндері кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. Жарықова Д.Р., м.ғ.к., профессор Байдүйсенова Ә.Ө., м.ғ.к., доцент Урекешев Б.С., м.ғ.к., доцент Ажмуратова М.А. Командаларды бақылаушы оқытушылар: магистрлер Бекниязова Г.А., Дүйсебекова Г.П., Сәрсенова Ә.Г-А., Ботбаева М.Т.
Олимпиада «Педиатрия» мектебінің 2 курс білім алушыларының 201, 202, 203, 204, 207, 208 топтары арасында өтті. Ең алдымен 6 топтан олимпиадаға қатысушы 5 студент таңдалды. Әрі қарай жиналған 30 студент жеребе бойынша командаларға бөлінді. Нәтижесінде бес студенттен тұратын 6 команда құралды.
Олимпиада 3 бөлімнен тұрды:
Бірінші бөлімде микроорганизмдердің морфологиясы, физиологиясы, антиген, антидене және серологиялық реакциялар бойынша экраннан барлығы 30 сұрақ талқыланды. Екінші бөлімде – «Туберкулез және алапес» тақырыбында сөзжұмбақ, үшінші бөлімде әрбір командаға сальмонелла және тырысқақ қоздырғыштары бойынша «Бәрі «Мен» туралы» сұрақтары берілді. Олимпиада туралы тұжырымдаманы командалар «Синквейн» бойынша қорытындылады. Әрбір бөлімнің жауаптарын әділ-қазылар тексеріп бағалап отырды.
Екі сағатқа созылған олимпиада барысында командалар жалпы микробиология бойынша алған білімдерін жан-жақты көрсете алды. Нәтижесінде «Антибиотик» командасы I дәрежелі дипломмен, «Чума» командасы II дәрежелі дипломмен, «Cirls power» және «T-killers» командалары III дәрежелі дипломмен, «Immunitas» және «Veritas» командалары IV дәрежелі дипломмен марапатталды.
Осы олимпиадаға атсалысқан кафедраның барлық оқытушыларына және педиатрия мектебінің 2-курс білім алушыларына үлкен алғысымызды білдіреміз.