Айталық, Өскемен қаласы UTC+6 өлшемінің ең батыс бөлігінде орналасқан. Яғни, өз уақытынан әлдеқайда алда тұр. Шын мәнінде бұл шаһар UTC+5,5 уақыт белдеуінің басында жатыр.
Қостанай облысында қолданыстағы уақыт (UTC+6) табиғи UTC+5-пен сәйкес келмейді. Мұның салдарынан 17 жылдан бері балалар уақыттан бұрын оянуға мәжбүр. Осы ретте кешкі сағат: 22.23-те көшеде күндізгідей жарықтың сақталып отырғаны байқалады. Бұл әсіресе ұйқысыздықтан әбден мезі болған адамдарға, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтарға қиын.
Биологиялық сағат – адам ағзасындағы иммундық немесе жүрек-қан тамырлары секілді маңызды жүйелердің бірі. Аталған сағат бізге қоршаған ортаның ырғағымен үйлесім табу үшін қажет. Мәселен, күн мен түннің өзгерген кезінде немесе жыл мезгілдеріне бейімделу үшін оның өзектілігі арта түседі.
Біздің ағзамызды басқаратын сағат үш деңгейде жұмыс істейді. Біріншісі – әрбір жасушада жасырылған кішкентай сағат механизмі. Ол барлық жасушада синтезделетін арнайы сlock-ақуыздары деп аталады. Сlock-ақуыздарының бір бөлігі таңертең түзіліп, жасушадағы метаболизмді белсендірсе, екіншісі кешке қарай метаболизмді тежейді. Осылайша, әр жеке жасушаның күнделікті немесе тәуліктік ырғағы жолға қойылады.
Барлық жасушаның ырғағын үйлестіретін арнайы без – эпифиз немесе домалақ без деп аталады. Ол адамның ұйықтау процесі мен оянуын, көңіл-күйін реттейтін ағзадағы мелатонин мен серотонинді бөлетін гормондар. Күндіз аталған без «бақыт гормоны» серотонинді шығарып, қараңғы түскенде ол «ұйқы гормонын» мелатонинге айналады - бұл ұйқымызды тереңдетіп, толық етеді.
Мелатонин жеткілікті мөлшерде тек түнгі кезде бөлінеді. Шамалы жарықтың өзі оның көлемін азайтатынын атап өткен жөн. Бұл гормон тым қысқа уақытта ғана қызмет етеді – сағат: 23.00-01.00 аралығында. Сондықтан да осы кезге дейін ұйқыға дұрыстап көңіл бөлген дұрыс.
Сонымен бірге бұл уақытта гипофиз безі – өсу гормоны, есірткіге әсер ететін опиоидты гормондарды: эндорфиндер мен энкефалиндерді бөліп, ағзадағы адреналин көлемі төмендейді. Нәтижесінде адам қалыпты ұйқыға кетеді.
Оянуға дейін адам ағзасы күндізгі белсенді әрі сергек өмірге дайын болуы керек. Бұл кезде бүйрек үсті безінің қыртысы таңғы 6-7-де жүйке жүйесін қоздыратын кортизол гормонын бөле бастайды. Дәл осы уақытта адамның тұрып кеткені абзал. Неге десеңіз, сергектік гормоны мен кортизол энергиясы стресс гормонына айналуы мүмкін. Соның кесірінен үйлесімділік процесі нашарлап, ұзақ уақыт бойы шаршауға, депрессияға, ұйқысыздыққа, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және басқа да ауруларды қоздыратын биологиялық ырғақтың бұзылуына әкелуі ғажап емес. Жедел инфаркт пен мидың геморрагиялық инсульті негізінен таңертең – глюкокортикоидтардың бөлінуіне байланысты пайда болады.
Осы орайда табиғи және «биологиялық» сағаттарды үйлестіру біздің қолымызда екенін ұмытпайық. Бұл ұлт денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі, осыны ескеруіміз қажет.
Менің ойымша, Қазақстанның аумағында UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ең оңтайлы шешім. Бұл қазақстандықтарға бір уақытта өмір сүріп, бір мезетте оянып, ұйықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса бірқатар логистикалық, экономикалық және басқа да мәселенің оң шешілуіне септігін тигізеді. Денсаулыққа тоқталсақ, адам ағзасы көптеген артықшылыққа ие.
Қазақстанның орталық және шығыс өңірлеріндегі уақытты 1 сағат артқа ауыстыру (демек біз бір сағатқа ұзағырақ ұйықтаймыз) адамның денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізбейді. Керісінше, біздің «ішкі сағатымыз» бен табиғи уақыт белдеуімен үйлесімді жұмысына оң әсер етпек.
Курейш ХАМЧИЕВ,
«Астана медицина университеті» КеАҚ Қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі,
м.ғ.к., PhD, профессор